Өлең, жыр, ақындар

Атамекен

Біздің жақта асқар тау жоқ,
Жетелейтін армандарға.
Көрінеді тастар тау боп,
Тоғай татып ормандарға.

Тасымайды буырқанып,
Жайлап аққан өзендерде.
Іше алмайсың суын қанып,
Шөлден ернің кезергенде.

Болмаған соң тау мен орман,
Жарымадық ықтасынға.
Адасасың күре жолдан,
Аппақ түтек бұрқасында.

Етігіңді суырады,
Тым бауырмал батпағы да.
Жұмыртқадай қуырады,
Тас қайнатар аптабы да.

Денең қышып басылмайды,
Маса ызылдап жолағанда.
Қысық көзің ашылмайды,
Құмды дауыл борағанда.

Алтын бесік, аппақ мекен,
Көрмегендер мұндайды көп.
Баз біреулер даттап кетер,
«Ит байласа тұрмайды» деп.

Тілін салып қара алтынға,
Май сорғыштар айналып тұр.
Сол қазыққа қала артында,
Талай иттер байланып тұр.

Таулар менен орман жоғы,
Болмайды еш уайым маған.
Таусылмайтын арман жолы,
Көз жетпейтін сайын далам.

Таныс төбе, қырлары да,
Көздеріме оттан ыстық.
Арқау етем жырларыма,
Осыларды мақтаныш қып.

Сен дегенде атады екен,
Асқақ жырмен, күй еңселі.
Айналайын, АТАМЕКЕН,
Сүйем сені! Сүйем сені!



Пікірлер (2)

Жадыра

Қай өңір туралы жазылған

Айбек

Атырау

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз