Өлең, жыр, ақындар

Таңсәрі

  • 09.09.2018
  • 0
  • 0
  • 2104
Өрмелеп сұлу таудың өр төсіне,
Арайын төгіп бұлттың өркешіне.
Дөңгелеп көк жиектен күн келеді,
Ұқсап бір бұл әлемнің еркесіне.
Сылдырлап ерке тентек бұлақ күлді,
Жағада судыр қағып құрақ тұрды.
Даланың сырлы, сиқыр суреттері,
Жүректің күй пернесін бұрап тұрды.
Жаз — ару, сері жігіт тамашалы,
Біраз күн думандатып тарасады.
Әндетіп, қойын айдап баяу ғана,
Ер шопан жасыл беттен әрі асады...
Қаңтардың қатты аязы сақылдаған,
Жалтырап қарға оранып жатыр далам.
Сырғанап қол шанамен балалар жүр,
Суықтан қорқып үйде отырмаған.
Мінеки, аспан тағы ашуланып,
Күн тұрды бұлттан көзін ашып алып.
Жел қуып, толқынға ұқсап қар көшеді,
Қырдағы қырау шөптің басы ырғалып.
Ұлиды, долы боран ақырады,
Қалайша тарқамаған ашуы әлі.
Күндіз түн дала кезіп дамыл көрмей,
Қалшылдап әр бұтаға асылады.
Бір ғажап табиғаттың қысы — дағы,
Сезімнің талпынады кұсы тағы.
Кеудемде алай-түлей боран ұйытқып,
Өлеңнің өршіл оты ысытады!..
* * *
Кейде сен жадыратып күлдіресің,
Отыңа албырт жанды күйдіресің,
Толқытып нәзік сезім пернелерін,
Лапылдатып біреуді сүйдіресің.
Кейде сен мұңға бөлеп жылатасың,
Аялап тағы бірде жұбатасың.
Өзіңмен өзің болып күбір-күбір,
Оқисың өлеңнің де жүз атасын.
Неге үнсіз қимағандай қарадың,
Желсіз түнгі көлдей тынып жанарың.
Үңілемін тереңіне жаныңның,
Толғанам да іштей лаулап жанамын.
Кейде биік асқар таудай көрініп,
Кетем сонда құздарыңа көміліп.
Кейде нөсер шатырлайсың көгімде,
Нұр боп тағы күлімдейсің төгіліп.
Әлде долы теңіз бе едің тулаған,
Жартастарды омыраулап шулаған.
Арқауы сен болармысың әлде бір,
Жаңа шумақ жолдарының тумаған!
Майыса билеп жапырақ,
Бір сәтке тіпті тынбады.
Жауынмен дала жалтырап,
Жылғада толқын тулады.
Толассыз төкті шатырлап,
Әйнекті қақты ақырын.
Ол дауыл тағы шақырмақ,
Басар да емес ашуын.
Тау желігіп жаңғырды,
Найзағай кетті ойнақтап.
Тамсана жұтып жаңбырды,
Жер-ана жатты ойлап қап.
Өткінші кетті, басылды,
Тамшыға гүлдер селк етті.
Бұтаға моншақ асылды,
Сейілді денем, селт етті.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ой-хой, дала

  • 0
  • 0

Ой-хой, дала, кетіпсің ғой
күлтеленіп, құлпырып,
Жаутаңдаған, жаудыраған
мөлдір көздей кіл тұнық.

Толық

Күзгі дала аспаны

  • 0
  • 1

Бұл күн де өтті,
Алаңдатып, әр қадамын санатып,
Дыбыс шықса жуық маңнан
Өзіне жалт қаратып.

Толық

Ауладағы гүлге қарап

  • 0
  • 1

Су берші гүлге,
Қызым,
Шөлдеді ғой,
Шел буса нәзіктіктің өлгені ғой,

Толық

Қарап көріңіз