Өлең, жыр, ақындар

Наз

  • 03.09.2018
  • 0
  • 0
  • 2141
Т. Кузовлеваға

Арманға құлшындырар сенім деген,
Жоқ, сірә, бөтендігің сенің менен.
Сәттілік көрген сайын қадамыңнан
Сергимін,
Сезім тербеп көңілденем.
Сергимін,
Сезім тербеп көңілденем,
Жаным — гүл,
Желегінен төгілді өлең.
Күндерге бой ұрғызбай жеңіл-желең,
Ризамын ой ұсынған өмірге мен.
Мәңгілік жолаушымын тегінде мен,
Шалқыған шалқарыңның шегін көрем.
Тербейді тереңінен сусындатып
Әрдайым арман артқан өмір-кемем!
Дем алам аунап-қунап төрінде мен,
Ол шақта денем сергіп,
Көңілденем.
Егіндей қар астынан тебіндеген
Жырларым жатыр қанша себілмеген.
Жаныңды құмар-ақпын сезуге мен,
Сөйлеген сөзің де өлең,
Өзің де өлең.
Тұңғиық төңкерілген жанарыңнан
Қайсарлық,
Әділеттік,
Төзім көрем!
Асығып ақтарғанша құштарлығын,
Асырар бір-бірінен құстар да үнін.
Биікке нәзік жанды көтеретін,
Беу, құрбым,
Тынысыңда күш бар бүгін!
Бұл өмір зымырайды қолға тұрмай,
Келеміз сапарласып жолда тынбай,
Ойларың кейде дала жорғасындай,
Ал кейде ауырлайды қорғасындай.
Суиды қазақ десе алдағы асың,
Тілек те,
Жүрек те боп жалғанасың.
Көрінген аузын ашса көмекейі,
Білесің достарыңның алдамасын.
Сияқты қысың — өлең,
Жазың — дастан,
Қуанам бұрқыратып жазып жатсаң.
Жетерміз жетер жерге қанаттасып,
Аққудай құшағымыз жазылмастан!
Қашан да жыр жорығы —
Ізгі жорық,
Құмартар кейінгілер
Сізді көріп.
Жанымыз жақсы өлеңнің ұйқасындай,
Тағдыр да әкете алмас бізді бөліп!
Әрбір жыл өзінше ойын келер жорып,
Сынайды әлі бізді нелер жорық.
Байырғы болашақтың өлкесінде
Жасаймыз өнер болып,
Өлең болып!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көңіл сарайы

  • 0
  • 0

Орманды сонау ішінде таудың көгілдір,
Орман ішін бөлеп жырға, төгіп нұр.
Жапа-жалғыз ғажап жұмбақ сарай бар,
Көрген сайын толқып өтер көңіл бір.

Толық

Баспалдақ

  • 0
  • 0

Жоғары өрлеп келемін баспалдақпен
Тапталып,
Табандарда жатқан көптен...
Қатыгез,

Толық

Елге бардым

  • 0
  • 0

Елге бардым, елпілдеп шыққан алдан,
Қайран жеңгем!
Жанарын шыққа малған.
Тау-тасына құшағым қауышқанда,

Толық

Қарап көріңіз