Өлең, жыр, ақындар

Әріптес

  • 30.03.2018
  • 0
  • 0
  • 4229
Анаған да жақсысың, мынаған да,
жақсылығың жоқ бірақ жылағанға.
Қарапайым танысқа бұрылмайсың,
көз әйнегің айтып тұр: «Бұ да адам ба!»
Зарлап жүріп болады кілең жолың.
Жақсы, жаман көруің біреуді, оның
қоғамдағы жайына байланысты.
Сезем содан өзіңде жүрек жоғын.
Бірде маңғаз, жүресің сайран құрып,
бірде – байғұс, құбылған қайран құлық!
Сәл пайдасы тиетін сәтте әйтеуір
кімді болсын аласын айналдырып.
Судай сіңіп кетесің майлы ортаға,
май асаған бөрілер жәй жорта ма!
Біреулердің түтіні тік кетерін
біліп ала қоясың қайдан? Тоба!
Түрің – аңқау, түспейсің жылымға құр,
жылмаңдармен ымың да, жымың да бір.
Сөз сөйлесе – періште, өзі бірақ
биліктінің құнжыңдап ығында жүр.
Ұлы адам ба, қарамай, ұры адам ба
келісімге келесің пұл аларда.
Биліктінің барлығын аға қылдың,
қасиет-ау сіңетін бұ да қанға.
- Мынауыңыз кім? Таныс секілді өзі…
- Е, есімін қайтесің. Бір ағаң да.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аңсау

  • 0
  • 0

Қурай сазы сіңірген дала мұңын,
Жалаң аяқ, жамаулы балалығым!
Сенің үнің аспанға самғаушы еді,
шықпайды енді қарлығып қалада үнім.

Толық

Ұрыстан кейінгі дала

  • 0
  • 0

Жердің беті күл-талқан:
жаутаңдайды жетімдей ақыл сұрап,
қопарылған егін де жатыр сұлап.
Шала-жансар қаралы Жерге мына

Толық

Көп жандарды кезінде бағаламай

  • 0
  • 0

Көп жандарды кезінде бағаламай,
сараламай, сұрыптап, дараламай,
содан кейін өзіміз өкінеміз,
бірақ уақыт тұрмайды – жаңарады Ай.

Толық

Қарап көріңіз