Өлең, жыр, ақындар

Қызарып, сұрланып

  • 16.04.2015
  • 1
  • 4
  • 34459
Қызарып, сұрланып,
Лүпілдеп жүрегі.
Өзгеден ұрланып,
Өзді-өзі керегі.

Екі асық құмарлы,
Бір жолдан қайта алмай.
Жолықса ол зарлы,
Сөз жөндеп айта алмай.

Аяңдап ақырын,
Жүрекпен алысып,
Сыбдырын, тықырын,
Көңілмен танысып.

Дем алыс ысынып,
Саусағы суынып.
Белгісіз қысылып,
Пішіні құбылып.

Иығы тиісіп,
Тұмандап көздері.
Үндемей сүйісіп,
Мас болып өздері.

Жанында жапырақ,
Үстінде жұлдыз да.
Елбіреп-қалтырап,
Жігіт пен ол қыз да.

Өзге ойдан тыйылып,
Бірімен бірі әуре.
Жүрекке құйылып
Жан рахат бір сәуле.

Жүрегі елжіреп,
Буындар босанып.
Рахатпен әлсіреп,
Көзіне жас алып.

Жүйрік тіл, терең ой,
Сол күнде қайда едің?
Ғашыққа мойын қой,
Жеңілдің, жеңілдің!..



Пікірлер (4)

Жасмин

Өте жақсы өлен

Айзада

Маған қатты ұнады.

Жасмин

Өте тамаша!

Пікір қалдырыңыз

Немере інісі өлгенде айтқаны

  • 0
  • 1

Көз жұмғанша дүниеден
Иманын айтып кеткені-ай!
"Бейсенбі ме бүгін?" деп,
Жұмаға қарсы өткені-ай!

Толық

Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда? (М. Ю. Лермонтовтан)

  • 0
  • 3

Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?
Хүкімші шалдар мәз боп отыр ма онда?
Антұрғандық қылығын алла ісі деп,
Нандырар қандай сопы, қандай молда?

Толық

Еріксіз түскен ылдидан

  • 0
  • 0

Еріксіз түскен ылдидан,
Еркіңмен шығар өр артық.
Қорлықпен өткен өмірден,
Көсіліп жатар көр артық.

Толық

Қарап көріңіз