Өлең, жыр, ақындар

Көз моншағың мөлдіреп қарай берші

Мұң аққандай аспанда әр күн таңнан —
Жылатқандай мен сені жаңбыр тамған.
Маған арнап жолданған әуез күтем
Самал арбап, жел түрткен әрбір талдан.

Бойда барым — тұнған шер, тұнған шемен,
Ойламағын келді деп бұл дәл сенен.
Әзірге ұнап, жанарды жаулағанмен,
Қазір бірақ қорқамын бір нәрседен:

Мас еткенің қылықпен жанға дем бе —
Паш етпедім атыңды таңғы әлемге…
Менікіндей жүрекпен күмәнданам,
Сенікіндей шын сезім бар ма менде?

Жарайды енді!
Келеміз жарасымға
Арай белді алтын көл жағасында.
Нұрлы көктем өтсінші өзіңменен
Түнгі леп пен таңғы шық арасында.

Шын айтуды неге жұрт санайды ерсі:
Мұңайтуды уақытша санай көрші.
Өзге аңсарым жоқ менің сен тұрғанда,
Көз моншағың мөлдіреп қарай берші.



Пікірлер (1)

табиғат туралы жазыңдаршы

Жанарымды жарық айға тастадым
Жабырқайды жалғызсырап жас жаным
Құс жолында жүргендейсің сен мүлде
Әнін айтып менің емес, басқаның
Бірақ сен жоқсың…

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз