Өлең, жыр, ақындар

Кептерлер таңды оятты

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2648
Кептерлер мені уілдеп,
Оятты таңның алдында.
Тұр екен талдар күлімдеп,
Шомылып жасыл жаңбырға.
Оянды шіркін балалық,
Ұйықтап бір қалған кеудемде,
Өзеннен құба тал алып,
Бастады қайта серуенге.
Бастады жіңішке жол қырға,
Жүгірдім жалғыз шапқылап.
Секірдім сары толқынға,
Су шаштым талға атқылап.
Жоғалып көзден шаңы ұшып,
Өтіпті талай жыл заулап...
Балалықпенен табысып,
Жағада жаттым құмға аунап.
Сағындым, сені сағындым,
Сағындым,
қайран балалық
Желпіші шаңын жанымның,
Ақ жауынды ала бұлт.
Терейін моншақ жауыннан,
Киейін көйлек жалыннан
Қалмайын зулап дауылдан,
Кетпеші, қайран балалық,
Кетпеші, менің жанымнан!
Көктемдей балғын реңі,
Балалы — пәк құс кептерлер,
Оятып танда үнемі,
Қасымнан менің кетпеңдер!
* * *
Менің жеті балам бар,
Жеті арқа тірер асқарым бар,
Менің жеті далам бар.
Менің жеті аспаным бар.
Мен жыласам жеті жер бір жылайды,
Мен құласам жеті аспан бір құлайды,
Жеті жүрек құласам әлсіз соғып,
Жеті жанар тұман боп бұлдырайды.
Ажал шіркін берсе де бір күн елес,
Маған батып келуі мүмкін емес.
Жеті жүрек өлуі мүмкін емес,
Жеті жанар сөнуі мүмкін емес.
* * *
Киіктің құралайын асырадым,
Мен үйрендім бірақ ол жатырқады.
Қалай енді тебіренбей басыламын,
Кетті тастап даланың жат ұрпағы.
Балапан сандуғашты асырадым,
Жақын тарттым жанымды мәз еткенсін.
Қалай енді тебіренбей басыламын,
Кетті тастап көк қанат жаз өткенсін.
Өлең жазар кезімде тебіреніп,
Табады олар тағы да мені келіп.
Жас сандуғаш жыр төгіп, жас құралай
Төсімді иіскеп тұрады еміреніп.
* * *
Бүкіл жерден аларым
Аядай жер бір шаршы.
Бүкіл бұлттан аларым
Көздің жасы бір тамшы.
Маңдайдағы терімді
Елге беріп кетермін.
Көзімдегі көлімді
Жерге беріп кетермін.
* * *
Рақымды жүздерде
Жылылық бар
Адам көңілін жарқыратар.
Жауыз көздерде
Зулымдық бар
Жан дүниені қалтыратар.
* * *
Кейде жалғыз тұмандаймын
Дүниенің бір түкпірі боп.
Өз үйімнен шыға алмаймын
Өлең-жырдың тұтқыны боп.
Толқындардың тыңдап әнін,
Аспанынан ай құшамын.
Кейде бұрқ-сарқ тулап жаным,
Кейде гүлдей майысамын.
Желді өзеннің жиегінде
Суылдаймын тал секілді.
Жанып лаулап бұл өмірде
Тұрсам деймін таң секілді.
Көңілімнің күйі осындай
Бастан кешіп жүрмін бәрін.
Көкірегім ұясындай
Мың дауысты
бұлбұлдардың.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жетісу

  • 0
  • 0

Астасқан аспанменен асқарлары,
Секілді жер мен көктің баспалдағы.
Табиғат құдіретімен қиысып кеп,
Қаланған ескерткіштей тастан бәрі.

Толық

Нева жақтан жел еседі

  • 0
  • 0

Отырғанда мен орманда оңаша,
Нева жақтан жел еседі тамаша.
Жұмсақ леппен маңдайымнан сипайды,
Жас жанымды аялаған анаша.

Толық

Ашық кел

  • 0
  • 0

Өзімді-өзім бос алдап,
Мақтануды мін көрем.
Қол көтеріп, шошаңдап,
Даурықпаймын мінбеден.

Толық

Қарап көріңіз