Өлең, жыр, ақындар

Кавказ

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 3044
Мәңгілік болашаққа ағатындай,
Өмірдің өзендері сағатындай.
Айналған аспанында ақша бұлттар,
Жеп-жеңіл көгершіннің қанатындай.
Таулардың таулар қарап төбесінен,
Күндесіп күн өткізген егесумен.
Жасалған әрбір шоқы, шың-құздары
Мұздардың шөгіп қалған кемесінен.
Емендер тұрып алып ертеменен,
Шығуға шың басына ентелеген.
Жап-жасыл жапырағын күнге тосып,
Шығыстың самалына еркелеген.
Ақ көңіл таңның тұңғыш нұры ойнап,
Шыққандай жібек бұлттан күні қайнап.
Кавказдың алтын діңгек ақ отауы,
Көрінер Эльбрустың шыңы жайнап.
Эльбрус елден бұрын күнді қарсы ап,
Бұлттарды бүркейді егіз шыңы қоршап.
Жатады жас тұманды жамылып ап,
Күткендей күншығыстың нұрын аңсап.
Кавказдың қалықтап күн жотасына,
Орайды шыңдарды алтын оқасына.
Алтын тау айдалада шөгіп қалған,
Ұқсайды түйенің жас ботасына.
Сытылып суық таудың мұз-қарынан,
Арылып қылыш қыстың ызғарынан,
Қарғиды өзендері қауіпсінбей,
Кавказдың қия тасты құздарынан.
Құпия көп сырларды көзі шалған,
Өлместей арттарында сөзі қалған.
Жалғыз жол Машук тауға әкетеді,
Пушкин мен Лермонтовтың өзі салған.
Шыққанда мұнарланған тау басына,
Өлеңнің тұрғандаймын Парнасында.
Кавказдың өзенімен бірге ағамын,
Жетектеп жүйрік жаным алға асыға.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үш миллион патрон

  • 0
  • 0

1
Айнымайтын түйеден
Күн күйдірген жатыр жщн.
Келеді керуен тиеген

Толық

Бір адым жер

  • 0
  • 0

Бір адым жер ырыздық
Тисе тілі соқаның.
Бір адым жер – аспаның,
Бір адым жер – Отаның.

Толық

Елтінжал

  • 0
  • 0

Шығарған Қызылжармен қатар атын,
Тигізген талайларға шапағатын,
Қойнында Қостанайдың бір орман бар,
Ертеден Елтінжал деп аталатын.

Толық

Қарап көріңіз