Өлең, жыр, ақындар

Сары кемпір

  • admin
  • 22.04.2024
  • 0
  • 0
  • 34
Әртіскүл апама

Қорқып қалам ызғар шашқан кей демнен...
Дала исі аңқып жатыр жейдемнен.
Кеткім келед туған жерге, апама,
Суық шаҺар итергенде кеудемнен.
Сары кемпір, сары апа, сары нұр,
Үні — әуен, көзі — өлең, жаны — жыр.
Жете алмай қалатындай қорқамын,
Көтерілсе қара жолдың шаңы бір.
Сағынышпен баурап алды кеш бірден,
Құлыныңмын ақыл кірген, ес кірген.
Шығыс жаққа ұшқан құспен сырласып,
Отырады ақ жаулықпен ескірген...
Жапырақпен төгіледі жыр қандай?
Жүрегімді сағыныш кеп ұрғандай.
Қара ағаштар қолын созып аспанға,
Көктем аңсап дұға тілеп тұрғандай...
Мұңайсам да, жан емеспін жасыған,
Сары кемпір! Саяңа мен асығам.
Аяғынан тастамаған мәсісін,
Орамалын тастамаған басынан.
Қайғы бұлты мың оралып, мың көшті,
Құшақ ашып бұлт көйлегін Күн шешті.
Сары кемпір қара галош киіп-ап,
Не кешпеді... бейнет кешті, мұң кешті...
Сары кемпір — жапырағым, күзім бе?
Біз келеміз өмірінің ізінде.
Ғұмырының көшелері сызылған,
Ұзын-қысқа әжім басқан жүзінде...

Кемпіріме сыр айтамын, ашылам,
Жылу шашад өте берсең қасынан.
Тағдырының суығы есіп тұрады,
Аппақ қардай самайдағы шашынан...
Бұлтты тіліп Айдың өткір пышағы,
Қара аспанға сағынышым ұшады.
Күз аңқиды орамалын иіскесең,
Көктем, бірақ, жылы, жұмсақ құшағы!
Сары кемпір, құшағында бала түн,
Перизаттар кірпігіме қонатын.
«Тікен, тасқа қалама» деп, «жығылып»,
Арқасына отырғызып алатын.
Меніменен бәйшешекті теретін,
Меніменен жұлдыздарды көретін.
Тығып, жинап қия да алмай өзіне,
Мыған ылғи өрік, мейіз беретін.
Өмір өтер пәни — күндіз, бақи — түн...
Қол босаса, кілем, көрпе тоқитын.
Қас қарайса, алақанын жайып-ап,
Күбір-күбір дұғаларын оқитын.
Ертегі мен ән айтады, торықсам,
(Балалықпен қайта, шіркін, жолықсам!)
Жұбатады еркелетіп, жыласам,
Көтереді таңдайымнан, қорықсам.
Күмбез Айға берді бүгін тағын түн...
Есейдім ғой, өмір заңы... бағындым.
Саусағының сіңген исі, ыстығы,
Қиға көмген көмбеш нанын сағындым.

Ауыл білед аппақ, жарқын пейілін,
Махаббат бар сөздерінде иірім,
Қалтасына қолды салсам болғаны,
Табылатын тәттілер мен мейірім.
Уақыт сызған әжімдерің өше ме?
Әй, оралмас бүгін, өткен кеше де.
Кейде анам ұрысса маған, сары апам
«Ұрыспа» деп кейитұғын шешеме.
Тердім талай жұлдыз, Айдың гүлдерін,
Көктем еді әрбір атқан күндерім.
Қара шал мен сары кемпір қойнында,
Өтіпті ғой ең бақытты түндерім...
Сары кемпір — біздің үйдің тойы да,
Нұрға толы жанарының Айы да.
Босамаған дастарханы тоқаштан,
Таусылмаған самаурында шайы да.
Бітпейді еш балалығым, ертегім.
Қарызбын ғой, еш кетпейді еңбегің!
Мені қалай мейірімге бөлесең,
Сені солай бағады ғой тентегің.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Біз студентпіз, жалынбыз!

  • 0
  • 0

Қаланың мынау мінезін бөтен аңғардым,
Ауылдың қара баласы едім аңғал тым.
Үлкен шаһарда кішкене жүрек соғады,
Сезбейді соны, сезбейді неге!?

Толық

Шешті бір аспан қара жейдесін таң ата...

  • 0
  • 0

Шешті бір аспан қара жейдесін таң ата,
Қып-қызыл нұрға қап-қара тәнін талата.
Ұйқысыз тағы қарсы алдым нұрды, таң атты,
Тіліне Күннің маңдайын аспан жалата.

Толық

Тығылып тамшылар бұл төске...

  • 0
  • 0

Тығылып тамшылар бұл төске,
Жиылып төгілер пәк моншақ.
Жас терек, бәйтерек, жүз отын,
Болашақ, бала шақ, шақтан шақ.

Толық

Қарап көріңіз