Өлең, жыр, ақындар

Жүр, қалқам, ауылға!

  • admin
  • 22.04.2024
  • 0
  • 0
  • 26
«Мен Парижде өмір сүргім келеді»
Cенің сөзіңнен.

Себепшісі жүрегімде бір емнің,
Сені көрер сылтау бітпес білем мың.
Сен Алматы апортысың қып-қызыл,
Мен Меркінің арғымағы, күреңмін.
Жылынасың құшағымда күліп сен,
(Отау құрып өзіңменен біріксем...)
Армандайсың қайдағы жоқ Парижді,
Меніменен Алматыда жүріп сен.
Ынтық жерің жазық па еді, таулы ма?
Мені жылтыр дүниеге баулыма.
Біле білсең Парижден де мың артық,
Жүр менімен туған жерім аулыма.
Өзге өңір қалай жатты құшады?
Ұша берсін шаһарлардың ұшағы.
Көшесіндей қалалардың тар емес,
Даламның да, анамның да құшағы.
Таусылмасын жүректегі жыр сия,
Жанарыңнан көңіліме сыр құя.
Маған ерсең – Шымкент, Тараз, Алматы,
Қалады ғой – Нью Йорк, Париж, Түркия.
Барар болсаң ауылыма бүгін сен,
Орысшаңды қысқартасың тіліңнен.
Жеңгелердей орамал тақ, ұзын ки,
Аттап өтпе дәстүріңнен, дініңнен.

Бұл өлкеде жанын ұлтқа қиған бар,
Бар байлығы ілім-білім жиған бар.
Дүниенің бақытынан бақытты,
Бұл ауылда махаббат бар, иман бар.
Өзгелердің жер-көліне құмартып,
Алғандаймыз жүректерге жүк артып.
Туған дала ақ гүлдерін солдырып,
Қалай жүрем тобылғысын қуартып.
Өзге жерді сүйгендігің — сасқаным.
Билей алмас басқа шаттық, басқа мұң.
Сүйген емен өзге елдің тілін де,
Ғашық емен жүрегіне басқаның.
Жеңілмейік мұң басқанда еңсені,
Күтіп жатыр кең алқапта ел сені.
Қытайдікі болса дағы жакетім,
Қазақшалап құшақтаймын мен сені.
Қай бақтарға атылады көз оқша?
Жапырақтың орнын баспас мәз ақша.
Сүйсем дағы сүйемін мен қазақша,
Ғашық болсам, ғашықпын мен қазақша.
Сен жүресің сәукелемен тойымда,
Бітпес арман болашаққа ойымда.
Көндің білем, кетеміз біз ауылға,
Сөзді қой да чемоданды дайында.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кірпігіңді күзетем

  • 0
  • 0

Жүрек түннен ішеді мұң, таусады,
Қабырғам жоқ...
Қабырғам да қаусады.
Пианино кірпігіңде ойнайды,

Толық

Оралшы

  • 0
  • 0

Сендегі сезімді түсінбей жүргенмін,
Бірақ та жылы леп есетін сен жақтан.
Ай құшып жүргенде күн барын ұмыттым,
Әлі де күйемін шыраққа сен жаққан.

Толық

Күнделік

  • 0
  • 0

Аяулым,
кешеден қалған күніме
бүгін, пешінде ояндым.
Жинадым

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар