Өлең, жыр, ақындар

Наурыз тойы

  • admin
  • 06.03.2024
  • 0
  • 0
  • 260
Наурызгүлдер, алыңдар жаңа тыныс,
Наурызкөк құс оралды қанаты ырыс.
Нәзік еді не деген, жарықтық-ай,
Жан мейірімін оятқан жаратылыс.

Ериді екен көкпеңбек тастар тәні,
Еркебұлан көктем ән бастар тағы…
Бірнеше елдің жеріне жетер еді —
Қосып жайса, қазақтың дастарқаны!

Аңсаттырған асыл күй, лағыл шақтар,
Ата жолын ақылды қауым сақтар…
Балалардың қолында — уыс-уыс —
үлпілдеген сап-сары бауырсақтар.

Дастарқанға қоямыз барымызды,
Көршілерге көршілер баруы — ізгі.
Жент сақтаған жеңешем ұсынады
Тостағанмен
Ырым қып сары уызды.

Шайылғандай мұң-кірбің, тозаңдар да,
Жабықпайсың жаныңда наз, ән барда.
Нағыз әжей ойлайды нағыз салтты,
Наурыз көже қайнайды қазандарда.

Шапағатын аямай бұл шақта аспан,
Жадырайды әр адам мұң шақпастан.
Оу, ағайын!
Келіңдер!
Бүгін бізде —
Наурыз көже құрт қатып, бұршақ қосқан.

Келгендерге алғысын жауғызды әже,
Ырыс басы — ол үшін жалғыз меже.
Мол астық пен тоқшылық тілекшісі —
Жеті түрлі дән қосқан наурыз көже.

Ән салыңдар,
Би билеп, шаттаныңдар,
Ұлы күнін ұлыстың атқарыңдар.
Туындасын бұл күні бүкіл өнер,
Жығылмасын бәйгеге шапқан ұлдар.

Наурыз қайтып оралды аты да аңыз.
Сұрамаймыз алғыс та, ақы да біз.
Үй — дастарқан,
Даламыз — сахнамыз,
Ұлы мейрам — Наурызға шақырамыз!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Балкондағы гүл мұңы

  • 0
  • 0

Қалайша қырда өскен боп түс көрмейін,
Қалайша оянғанда тістенбейін.
Таңғы нұрға тапшы екен батыс балкон,
Күннің нұры түседі түстен кейін.

Толық

Талапкерге

  • 0
  • 0

Арманыңда, жаныңда жалын ән бар,
Жас талапкер, сөзіме көңіл аудар.
Бұрынғыдай күтпейді мектеп сені,
Бұрынғыдай соғылмас қоңыраулар.

Толық

Жас күніммен сырласу

  • 0
  • 0

Бәрі жақсы болса деппін мен баста,
Жанымды ашып жалбақтаппын жолдасқа.
Бәрі жақсы болса деумен шаршаппын,
Бәлкім, енді бәрі жақсы болмас та.

Толық

Қарап көріңіз