Өлең, жыр, ақындар

Өзің айтшы

  • admin
  • 18.02.2024
  • 0
  • 0
  • 204
Мендегі мынау дерек,
Шың мен ардан қапыда құлау бөлек.
Ғашықтар əлеміне сілтейтін жол
Ұнату, ұнау кенет.

Ұмыттың ба?
Жасын сүрткен мұңы бар бұлттың да.
Бүтінделмес кескіні сан құрап көр,
Шашылған сынықтың да.

Күндер шұғыл,
Күтер алда бір бақыт... үлгер, жүгір!
Түн жаулығын ашады таңға асығып,
Іңкəрім, біздер түгіл.

Мұңға жүкті,
Тасы өңірдің табанды тым қажытты.
Мен оқыған ғазалға жерік болсаң,
Болар ма жыр жазықты?

Таныс хабар,
Тағдырың ба өзіңе табысталар?
Арамыз да қашықтық жырақтамас,
Мейлі, ұзап ғарышқа бар.

Солай болды,
Мүлгіп сапар шектің бе талай жолды?
Сағынбауға бекіндім, қиын... бірақ ,
Сағыну - оңай болды!

Қырсықтың-ау,
Дөңгеленген дүние - ұршық мынау.
Мен қарасам тынысым тарылардай,
Сен көрмей тұншықтың-ау.

Іздегенім,
Толқын соққан мұңы бір, жүз кеменің...
Қоңырауды басса да көктем күліп,
Күрсіне, күзге енемін.

Екі ұдайлы,
Түбі шаттық ойымның беті қайғы.
Мақпал түнге ғашықпын бір білерім,
Білмеймін, несі ұнайды?

Тұсаулы емен...
Бұлтты жарып өтетін құс-ау ерен.
Біз махаббат тағдырын шешер ме едік,
Осынау мысалменен?

Тосын жай ма,
Қол ұстасып барамыз сосын қайда?
Айтпақшы, бір кітаптан оқып едім,
Ғашықтар қосылмай ма?

P.S Өзің айтшы...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз