Өлең, жыр, ақындар

Өткен күн

  • admin
  • 13.02.2024
  • 0
  • 0
  • 443
Еділ, Жайық, Сырдария –
Белгілі жұртқа ескі су,
Тәтті, дәмді, тармақты
Ұзын Ертіс, Жетісу.
Осы бес су арасы
Сарыарқа деген жер еді,
Туып-өскен баласын
Айбынды ер Алаш дер еді.
Еркін шауып ойнақтап,
Тілеген отын жер еді.
Қонысы – жібек ну тоғай,
Айдын шалқар көл еді.
Есіл менен Нұрадай
Екі енеге телі еді.
Қой үстіне бозторғай
Жұмыртқалап ол күнде,
Жарлы жан жоқ Алашта,
Бай пейілі кең еді.
Қайыры көп ағайын,
Кедейде жоқ уайым –
Керек болса, бір тайын
Сұраусыз ұстап мінеді.
Болсын жаты, жақыны,
Жоқ асынан тартыну.
Жылы жүзді бәйбіше
Керсендей үлкен аяқпен
Ұстата саумал береді.
Шыға қалса бір жұмыс,
Ұзап кетпек – артық іс,
Бітімге биге келеді.
Қасымның қасқа билігі,
Есімнің ескі билігі
Алдында сайрап жатқан соң,
Көпті көрген көне би
Қара жолмен желеді.
Бір тиын пара алу жоқ,
Қисыққа құлақ салу жоқ,
Туралық, шындық – екеуін
Қаз-қатар ғып жегеді.
Сол екеуі алдында
Бір бұлтармай жүреді.
Ақназар сынды әділ хан,
Абылай сынды ер сұлтан,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай
Ақ найзаның ұшымен,
Ақ білектің күшімен
Дұшпанға қысым көрсеткен,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қара палуан Жәнібек
Жалғанда тумас ер еді.
Кеше Шөже, Орынбай,
Жанақ, Біржан, Наурызбай –
Бір сөзі мың ділдалық,
Алты алашқа атақты
Бәрі ақын, сері еді.
Шілдеде самал ескенде,
Жайлауға ауыл көшкенде,
Ат-айғырға мінісіп,
Қыз-бозбала жарасып,
Тереңнен әзілдескенде,
Тісі меруерт тізілген,
Белі қыпша үзілген,
Хор сықылды сол сұлу
«Ха-ха-ха!» деп күлгенде,
Бұйық жатқан кең дала
Бейне бір жаны енеді.
Сылдырап аққан өзенге
Үй тігіп, дереу қонысып,
Бұрала басып былқылдап,
Әзілдесіп, сыңқылдап,
Жас келіншек, жас қыздар
Кереге жайып, уық байлар,
Үйден үйге жүрісіп.
Өткен күнді ойласам,
Ойға терең бойласам,
Кешегі қайран қазақтың
Сәулеті мен дәулеті
Көз алдыма келеді...
Күшің кеткен баяулап,
Жүрсің атсыз, жаяулап.
Ит надандық желкеңде
Шабайын деп аңдып тұр,
Қылышын ұстап таяулап.
Арыстаным, сұңқарым,
Қажымас, талмас тұлпарым,
Басың көтер, тұр енді!
Батқан екен ол күнің,
Жеткен екен бұл түнің.
Өткенді ойлап қайғырма,
Әр кәмалға бір зауал
Ежелден болмақ емес пе?
Ескіше тұрып егеспе,
Заман — түлкі, тазы бол,
Базарша дүкен құр енді.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Александр Блок

  • 0
  • 0

Александр Блок –
Мәңгі жас жүрек
Үмітін бір үзбеген.
Батып алтын ойға,

Толық

Құрбым

  • 0
  • 0

Бұл жалған ойын емес, бейнет жері,
Қылғанға адал еңбек зейнет жері.
Жалғанның бір мүшесі бола алмассың,
Қиналып, маңдайыңның ақпай тері.

Толық

Көңіліңді ашар

  • 1
  • 7

Көңіліңді ашар,
Жалынды басар
Жоқ жанында жолдасың.
Отырсаң аулақ,

Толық

Қарап көріңіз