Өлең, жыр, ақындар

Орал тауы

  • admin
  • 07.02.2024
  • 0
  • 0
  • 338
Таласқан аспанменен көкпеңбек тас,
Қарасаң төбесіне, айналар бас.
Жасаған мейірімі кең қадір Тәңірі,
Шығарған сол тауынан алтын, алмас.
Тұрғаны мұнарланып өсіп жалғас.
Жіп-жиі, шытырманды түрлі ағаш,
Қарағай, шырша-батыр бір қалыпта:
Шілде, жаз, қысын, күзін есіне алмас!
Ішінде аю, қасқыр, түрлі аң толған,
Адамзат батып жалғыз аяқ салмас.
Бір күнде сенің иең түрік еді,
Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.
Қорықпайтын таудан, тастан батыр түрік
Қойныңа жайыменен кіріп еді…
Ер түрік ен далаңа көрік еді,
Отырса, көшсе, қонса – ерік еді.
Тұрғанда бақыт құсы бастарында,
Іргесі, жел-күн тимей, берік еді.
Тұрақсыз бұл жалғанда опа бар ма,
Сақтан, алдар, бой салып жақын барма!
Бүгінгі күн жан досың болып жүріп,
Құлатып кетер ертең сені жарға.
Қарашы төңірекке мойның бұрып,
Алтай, Орал бойында тұрған түрік
Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ,
Жоғалған әлдеқайда іріп-шіріп…
Осындай атамекен жерлеріне,
Қасиетті атаның көрлеріне
Аузы түкті шетелдер ие болып,
Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне.
Анамыз бізді өсірген, қайран Орал,
Мойның бұр тұңғышыңа, бермен орал!
Қосылып батыр түрік балалары,
Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге орал.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жел

  • 1
  • 1

«Тәңірі ие, атпады ғой таңың!»- деп,
Күңіреніп жатыр тұтқын уһілеп.
Естіледі терезеден темірлі,
Тұрса керек тыста жүйрік жел гулеп.

Толық

Алдамшы өмір

  • 0
  • 0

Алдамшы өмір ылғи ғана у береді,
Өмір шіркін шамдай ақырын сөнеді.
Қара қайғы қалыңдады тым бүгін,
Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді.

Толық

Достық һәм көз жасы

  • 1
  • 2

Достықты мастық туғызад,
Шын-шын достар - екі мас.
Жүректі мастық өртейді,
Төккізіп көзден ыстық, жас.

Толық

Қарап көріңіз