Өлең, жыр, ақындар

Талқан етіп тағдырдың қыл шылбырын

  • admin
  • 03.01.2024
  • 0
  • 0
  • 100
Талқан етіп тағдырдың қыл шылбырын,
Туды десем сенем бе сыршыл күнім.
Сапырылған санамда шайқатылып,
Сағыныш боп әлі де тұрсың, гүлім.
Тілеуші едім тірліктің бүтіндігін,
Бүтінбіз де, ақылдым, түсіндіргін.
Менің дал-дал дариға жүрегіме,
Бір өзіннен керек-ау күтім бүгін.
Бір өзіңсің өмірдей керек маған,
Бар қызықтан өзіңсіз бөлек қалам.
Сансыз жылым өтіпті сені іздеумен,
Қайыршыдай қаңғырып ел ақтаған.
Түсін мейлі, сен мені, түсінбегін,
Қалсын маған жұмбақ боп ішіндегің.
Өзгермейтін мен бейбақ өз басымның,
Махаббатын жырменен мүсіндедім.
Саған қояр жоқ кінә, талабым да,
Өзіме аян сөнем бе, жанамын ба.
Маған жұмбақ бір жансың,
Өзің білгін
Қанша жүрек жатқанын табаныңда.
Түн бойы дөңбекшісем төсегімде,
Күн бойы жүрем ойдың есебінде.
Есімнен жатсам-тұрсам шықпай қойдың,
Мәжнүннің маған қонған кеселі ме?
Жан едім жалғыз саған бағышталған,
Қалайша пешенемнен қалыс қалғам.
Көз жазып қалам сені көріп тұрып,
Өте алмай тағдыр тасқын ағыстардан.
Десем де еріктімін бір басыма,
Сенімен шыға алмадым қыр басына.
Мен емес, менің сүлде әруағым,
Жалтақтап, жаным, сенің жүр қасында.
Сен менің шабытымсың сарқылмаған,
Сен менің арманымсың алқынбаған.
Қаз үні – сенің үнің қияндағы,
Жанарың – жасын мәңгі жарқылдаған.
Күйімсің тарта-тарта көбе сөккен,
Жырымсың жалғастырған келешекпен.
Көгілдір сәулесі сен дүниенің,
Өткенді, кеткенді де елес еткен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Абайға

  • 0
  • 0

О жарықтық, тұғырыңа табындырдың талайды,
«Оқу керек, оқу керек» деп жатамыз Абайды.
Бар-жоғы жалғыз кітап мұра еттің ұрпаққа,
Осқырынған ойы олақтар ондап томын санайды.

Толық

Ақандай сері жоқ па?

  • 0
  • 0

Ақандай сері жоқ па ән салатұғын,
Ат жоқ па Құлагердей шабатұғын.
Құлагер десе қысып тақымымды,
Әнінен болдым ауру табатұғын.

Толық

Балалық шақтан бір елес

  • 0
  • 0

Балалық шақтан бір елес
Көктемде, сонау көктемде,
Көлбеңдеп жатқан көк белге.
Көгілдір тартқан бөктерге,

Толық

Қарап көріңіз