Өлең, жыр, ақындар

Ақынмын жаны бір тылсым

  • admin
  • 29.12.2023
  • 0
  • 0
  • 79
Ақынмын жаны бір тылсым,
Өзім де кейде түсінбен.
Жаза алмай жанның қыртысын,
Жалындап жүрем ішімнен.
Бұл кезде ұқпай жандыны,
Жансызбен кетем сырласып.
Тілдесіп тау-тас барлығы,
Табысып жатыр мың ғашық.
Тылсымның тұман пердесі,
Түріліп жердің бетінен.
Сыңғырлап шолпы теңгесі,
Билейді қайың шетінен.
Домбыра, әлде сырнай ма?
Құдірет күйді тыңдаңдар.
Тобылғы, әлде ырғай ма
Тебірене тартып тұрғандар?
Сиқырдың бәлкім күйі ме,
Селт еткен самал лебінен?
Не болып кетті дүние?
Саумын ба деймін тегі мен?
Шала бір
көрген түсімдей,
Шарамнан шығып жанарым.
Мырыштан құйған мүсіндей,
Қалшиып қатып қаламын.
Сонан соң перде жабылып,
Қайтадан жердің бетіне.
Жүргенім жалғыз жабығып,
Сап ете түсер есіме.
Шабыттың келер шағында,
Әсер ме пайда болатын?
Таба алмай жүрген бағым ба?
Дарын ба дара қонатын?
Әйтеуір, өрем жетпейді,
Көңілім неден дәмелі.
Елес боп көзден кетпейді,
Сиқырлы тылсым әлемі.
Ысынып барып, суынып,
Суынып барып, ысынып.
Өзімді-өзім қуырып,
Қара тер болам қысылып.
Сонан соң бір күш сілкілеп,
Сіркіреп үйге келем де.
Отардай үріккен дүркіреп,
Қасқырдай шабам өлеңге.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әлкен Бегманұлы Айдарбековке

  • 0
  • 0

Әлкенжан, биік екен парасатың,
Қасиет хан басыңа жарасатын.
Түйсіксіз топастарға – таудан биік,
Сыйласқан – бетегеден аласасың.

Толық

Мейлі, мені өздеріңнен төмен көр

  • 0
  • 0

Мейлі, мені өздеріңнен төмен көр,
Бұл сөзімді, бірақ бекер демеңдер.
Ұрпақ үшін біздер жүрген мына жол –
Жер бетіне жазып кеткен өлеңдер.

Толық

Қайтесің бағың жанбаса

  • 0
  • 0

Қайтесің бағың жанбаса,
Ойлаған бола бермес-ті.
Ойдың да көбі далбаса,
Ойлаймыз кейде өнбесті.

Толық

Қарап көріңіз