Өлең, жыр, ақындар

Сенім


Аллаһтан асқан,​ ақын жоқ мынау әлемде,
Құран Кәрімді сыйдырған есеп өлеңге.
Әр аят жұмбақ, сүрелер тұнған мұғзижа -
Құпиясын ғылым зерттей береді​ әлі де.

Сенбесең - сенбе, сенімге Раббым мұқтаж ба?
Сабыр Иесі Ол, уақыт сыйлап тұр, ұқ, талда!
Қиқарлығыңмен өзіңді ғана өртейсің​ -
Мүміндер ертең Сираттан өте шыққанда.

Беріле бермес мүмкіндік саған үнемі...
Мына дүние - жалт еткен жарық сілемі.
Ақылың болса, о дүниеге азық жи,
Пайғамбар жолын ұстанған аман жүреді.

Мұхаммед (оған Аллаһтың болсын сәлемі),
Жалғыз пайғамбар, салауат айтар әлемдер.
Жанымдай сүйіп, соңынан еріп келемін,
Ол жүрген сүрлеу не деген жақсы, әдемі.

Сахабалар ше, ғибратқа толы әр ісі,
Солардан көрдім иманның нағыз үлгісін.
Олар секілді яқин мен амал жоқ менде,
Қабыл болса екен құлшылыққа ұқсас түрлі ісім.

Ғалымдар маған шабыт пен жігер береді,
Солар арқылы дұрыс жол тауып келемін.
Жалғыз арманым — сәждеде беру жанымды,
Шаһадат айтып, иманмен өлгім келеді.

Өткенде өзге, жұмбаққа толы әлемге,
Жаным жай тауып, тапқым келеді береке.
Жаратқан Өзің қолдай гөр, қорға құлыңды,
Өзіңнен басқа құдай жоқ мына жүректе!


Г. Қасенбай
24.06.2023



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз