Өлең, жыр, ақындар

Шеге мен Сабыр

Ертеректе болыпты бір жас жігіт,
Тілі ащы кететіндей тасты үгіп.
Бірде әкесі шақырыпты баласын,
Бұл мінезін түземекке бас тігіп.
"Сабырсыздық жеткізбейді мұратқа,
Лайық бол, адам деген шын атқа.
Сен ренжіткен әр адамның алдында,
Қалып жүрмін көптен бері ұятқа".
Деді дағы бір қап шеге ұстатты,
"Қызбалықты жігеріңмен қыс қатты.
Ашуыңды баса алмаған әр сәтте,
Бір шегеден қақ" - деп, есік нұсқапты.
Бірінші күн қиын соқты шіркінге,
Адамзатқа тез өзгеру мүмкін бе?
Ренжітіп отыз жеті адамды,
Отыз жеті шеге қақты бір күнде.
Келе-келе тізгіндеді нәпсісін,
Өзгермесе кімдер бермек жақсысын?!
Есікке де шеге қағу азайып,
Сабыр жеңіп айналдырды тәспісін.
Жас жігіт те төкпеген ғой жалаң тер,
Деді әкесі: -Міне, менің балам - ер!
Ашуыңды тұсаулаған әр сәтте, -
Есіктегі бір шегеден ала бер".
Бойға дарып, келді төзім кешіккен,
Мінездер де түзеледі бесіктен.
Сабырына ие болған сәт сайын,
Бір шегеден суырыпты есіктен.
Бағалаймыз шын көңілді құндыға,
Жараланса жазылмайды мың жұма.
Ағаш есік тазарғанмен түп-түгел,
Қалған еді әр шегеден ұңғыма.
Деді әкесі: "Сенбе, балам, білекке,
Адамшылық - сыйластықта, тілекте.
Қалған көңіл шыққан жанмен пара пар,
Із қалады жараланған жүректе".



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қарт ұстаз

  • 1
  • 0

Мекендеген даналықтың ауылын,
Бұл фәниде адамзаттың жауы кім?
Ертеректе болыпты бір қарт ұстаз,
Шәкірттермен толықтырған бауырын.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер