Өлең, жыр, ақындар

Сен тұрдың түн көйлекпен.

Сен тұрдың кербезденіп, түн көйлекпен -
Мен бозбала балғын шақ - сен бойжеткен.
Есіңде ме, солбір түн дәл біздерге,
Шегірткелер сырнаймен жыр әндеткен?

Әлі есімде, тиіп кетсе алақаның,
Алақаным сезіп еді тоқ ұрғанын.
От ұрғанын ұшқынның айтсаңшы сен,
Тіземе кеп еркелеп отырғаның!

Түршігіп еді, өң-бойым жантайғанда,
Жастанғанда, мойынға асылғанда,
Қандай еді керемет сол сезімдер,
Селдетіп, тулағанда, тасынғанда.

Шыдам жетпей жанардан-жанар алмай,
Алай-дүлей ынтықты баса да алмай,
Бас-салып, құшушы едік бар демменен,
Бар-күшпенен тым ұзақ жазыла алмай.

Қараушы едік аспанға, жұлдыздарға,
Шексіздіктей сол түндер тым ұзарған,
Сен де мен де сол шақты сағынамыз,
Сағыныштан қаланған ең ізгі арман.

Қоштасушы ек қимастан аймаласып,
Айды асып кезуші ек, Күннен асып!
Бірақ кәзір аса алмаймыз ардан аттап,
Жай жүрміз, амандасып, қал сұрасып.

Сен жүруші ең киіп ап түн көйлегін,
Әттең-ау сол көйлегің не көрмеді?
Киіп шықшы бір түнде тым болмаса
Көйлегіңді көп болды көрмегелі.

Ержан Қабышұлы



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз