Өлең, жыр, ақындар

Күймеде

Сексен күрмек,
Егіз бұрым
Тең өрген.
Сыңғырлайды
Күміс шолпың
Тербелген.
Сен шыққанда
Күн ұялып
Көркіңнен,
Бұлт артына
Жасырынып
Бүркенген.
Торғын көйлек
Толқынындай
Теңіздің,
Желбіретіп,
Етегінен
Жел өпкен.
Барқыт камзол
Безендірген,
Бүрлі өрнек -
Нақышында
Қазағымның
Күй төккен.
Мүсініңде
Қадаларға
Бір мін жоқ,
Құмыраның
Көлеңкесі
Білінген.
Бұтасындай
Алма ағаштың
Қыпша бел,
Домбыраның
Сағасындай
Жіңішке.
Қос қиғаш қас
Жотасындай
Таулардың
Төбелері
Бұрышталып
Иілген
Кірпігің мен
Қара түнек
Көздерің
Сызылып тұр
Сүмбілденіп
Сүрмемен
Қылдырықтай
Мойыныңда
Моншақтар
Лағыл-ләулік
Інжу-маржан
Тізбекпен
Айкел-алқа
Тұмар тасы
Асынған
Үшбұрышты
Гаухар алмас
Көмкерген
Құлағыңда
Ай-сырғалар
Шашақты
Алма-кезек
Иығыңа тең
Тиген
Һас шебері
Зергерліктің
Қашапты
Нәзіктік пен
Сұлулыққа
Зер түйген
Қою қызыл
Құлпынай ма
Еріні
Ай жүзіндей
Алақандай
Ақ маңдай
Екі бетте
Жарасып тұр
Шұңқырың
Жаңа піскен
Бауырсақтай
Анардай
Құсмұрынды
Сақинаңда
Зүбаржат
Шағылысып
Күн сәулесі
Ойнаған
Саусақтарың
Жебесіндей
Садақтың
Білектерің
Білезікпен
Бел буған
Алты қиық
Кәмшат бөрік
Барқыт тыс
Төбесіне
Үкі таққан
Ақшулан
Жауырынды
Жапқан торкөз
Орамал
Ұштарына
Аққу мамық
Байланған
Келбетіңе
Тәнті болар
Көз шалған
Аспандағы
Ақпа жұлдыз
Аққандай
Күймесінде
Ханшайымның
Арбакеш
Мен пақырға
Артық екен
Арман қай?
©Кабанбаев Е. 6.04.2022



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз