Өлең, жыр, ақындар

***

  • kmm
  • 29.11.2022
  • 0
  • 0
  • 928
Жүрегіне ғасырдың жиып алып бар жүгін,
Ақын сүрді ғұмырын, аялады тағдырын.

Жүрегіммен оқыдым сол ақынның өлеңін,
Өлеңінен мен оның өзімді де көремін.

Өлеңінен мен оның ғасыр көрдім, жыл көрдім,
Сол жылдарға бұл түнде қанат қағып үлгердім.

Көрдім және осынау Даламыздың кеңдігін,
Саудалаған даласын обырлығын шендінің,

Баспанасыз қазақты күнін кешкен өлместің,
Дүниені тәкаппар жеңе алмаған мүлде ешкім,

Тамып түскен қаламнан сағыныштың көз жасын,
Етігімен қан кешкен майдангердің жазбасын,

Даналығын қарттардың,
Жігіттердің намысын,
Арулардың ажарын,
Тұлпарлардың шабысын,

Оянғанын сезімнің,
ғашықтардың жан күйін,
Жылағанын сәбидің,
аналардың әлдиін,

Жалғыздығын жесірдің,
Қуанышын бүтіннің,
Махаббатты ең ұлы,
Түзулігін түтіннің,

Ойнағанын өмірдің,
Мұңайғанын жетімнің,
Бүр жарғанын гүлдердің,
сыршылдығын ақынның.

Естіледі жырынан судың сыңғыр күлкісі,
Сол жырына ән жазып барады ұшып жыл құсы.

Бұл ақындық ғұмырда өтем десең өзен көп,
Кешіп өтті ол оны да, өз жарасын өзі емдеп.

Домбыраның бар еді қоңыр үні қанында,
Қоңыр әнге айналып кетті өзі соңында.

Қоңыр кештер ең жақын туысындай оның бір,
Сүйген жары секілді Көктем-ару көгілдір.

Сиясы өлең қаламды Қасым етті бұл қала,
Жүректерді Қасымға ғашық етті бұл қала.

Келді талай дүниеге Қасымдардың жалғасы,
Қарағанды бұл күнде - ақындардың ордасы.

...Қала түні. Салқын күз. Мөлдіреген мың үміт.
Қасым жаққан өлеңнің отына тұр жылынып...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жаңбыр

  • 1
  • 0

Жаңбыр жауып, салғанда шатыр əнін,
Үнсіз билей бастады жапырағым.
Қайыңдардың тиіспей сырғасына,
Айды биге шақырдым қыр басына.

Толық

***

  • 1
  • 0

Өмір маған ұнайды соңғы кезде,
Соңғы кезде жібіді тоң мінез де.
Сені ғана ойлаймын бұл күндері,
Керегі жоқ секілді жанның өзге.

Толық

***

  • 1
  • 0

Сен неге мені ұмыта алмадың?
Ұмытуға әлде кеш пе еді?
Жаныңды білем, жылыта алмадым,
Айыптамашы тек мені.

Толық

Қарап көріңіз