Өлең, жыр, ақындар

Жансусар

  • 15.09.2022
  • 0
  • 0
  • 708
Қыбыр етпес аптапта сусар шілік.
Тау – ұйқышыл, ит – тыныш, жусан – сұлық.
Шаңырақтан тік түскен найза-сәске
сүйегіне сандықтың тұр шаншылып.
Уіліндей бұлттардың қанатының, ойхой,
Далам – Қазағым – Ана Тілім!..
Суыртпақтап жөн сұрар отағасы,
домбырасын күйлеген бола отырып:

– Ой, сен әлгі...
– Иә, аға, сол баламын!..
«Сорғаласаң шанақтан сорғала, мұң...»
Бұрылады қысық көз.
Мен өйткені,
бұрымына қызының арбаламын!
Ал, қыз бала қырындап піскен қымыз.
Жек көрмейміз қымызды ішкенді біз...
– Білуші едім әкеңді,..
– Мен де білем,
біздің үйден сіз талай түстендіңіз...

Сабырлы да, сыршыл да шіркін ауыл...
Сабадағы қымыздың бұрқырауын!
Қысық көзде сұрақ көп.
Ал, қызында:
қимыл – жеңіл, бұрым – тоқ, кірпік – ауыр!
Қыз балаға сырымды сездір ләйім...
Әй, ұят қой, қарашық оздырмайын...
Келді ақыры қызулы бесті қымыз,
сорғалатып жіберер сөздің майын.

...қыза-қыза, домбыра дыңылдаттым.
Қыз баланы қырынан ұғынбақпын.
Жас жүрекпен ойнайтын жасырынбай,
жаңа түрі болды бұл «тығылмақтың».

Сияқтанып даламның ала бұлты,
Жан жаңбырын ішімде қалам іркіп...
Кешкісінде бетке алып құбыланы,
кете бардым, көңілім алабұртып.

Әй, қысық көз, қысық көз – барақ әлді,
қимас еді-ау көңілім қалағанды...
Содан бері есімде сол ауылдың
қызы менен қымызы ғана қалды.
Құйрық жалы төгілген кіл қысырақ күндер өтті ойнақтап...
Күйкі сынақ!
Мұң аңқыған сезімнің шатқалынан
маңырайды таутеке ұйқысырап.
Қасиетті қалайша іздемейін,
қарашықтар қарауға түзге бейім.
Қара Өлөңім ұшады қазбен бірге,
қарып өтіп тұманды Күз көмейін.
Жаңбыр – жасыл яки көк пе боран,
жалғандықсыз жазирам – Хақ Тағалам!
Қиялыммен бұлттан да көйлек пішіп,
тырауымен тырнаның көктеп алам.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көк аңқыған кез еді...

  • 0
  • 0

...Автовокзал. Кешқұрым.
Өмір – елес...
Көпшіліктің гуіне көмілер Ес.
Құлағымның ұшында – қызыл іңір:

Толық

Біздің қоғам

  • 0
  • 0

Бізде, бас бар, ауыз бар, көтен бар...
Тіпті, қан да бар.
Бірақ, Жан жоқ.
Бізде сот бар, прокурор бар, полиция бар...

Толық

Мұңға айналып кететін міні ұдайы

  • 0
  • 0

Мұңға айналып кететін міні ұдайы –
тағдыр шығар?..
Не берсін қыңыраю.
Жұртқа – бәрібір, дүние өз орнында:

Толық

Қарап көріңіз