Өлең, жыр, ақындар

Социалистан

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 630
(поэма)

Октябрь мейрамына
Бүгін тарих Ұлы күні,
Жұмысшы тап
Күндіз-түні
Күшті ашынып,
Шығып үні
Капиталмен шабысқан.
Бүгін байдың жалқынына,
Атып найза жарқынына,
Сұмның арам алқымына
Сіңірлі қол жабысқан.
Сонда сұмның күшіктері,
Тон жамылған бүшіктері,
Сұр сұғанақ күшіктері
Арттан аңдып қабысқан.
Сонда езіліп бауыздары,
Арам қанды ауыздары,
Сұм табының жауыздары
Итше ұлысып табысқан.
Ұлы Октябрь майданында,
Сол тарихи қиын сында,
Қолда «наган» алмас қында
Демалудан безгеміз.
Дене жаудан шайналса да,
Қол шынжырмен байланса да,
Жау армансыз сайланса да
Ақырында өзгеміз.
Ұлы Октябрь — еді серт жыл,
Капиталға
Кекті дерт жыл,
Міне соған дәл 14 жыл,
Совет алға көшеді.
Кешке дейін иттер үред,
Көшті жанап құлақ түред.
Сұқ күшіктер
Өмір сүред
Шәуілдейді, өшеді.
Совет көші
Совет көші
Өрлейді өрге,
Дөң асады
Дөңнен дөңге,
Социалдық Ұлы жөнге
Екпінді үдеп басқанда.
Совет көші
Өрлеп өрге,
Келді, міне,
Талай жерге...
Көз салайық СССР-ге,
14 дөңнен асқанда.
Бұрын
Біздің Ресей
Бұрын бағы,
Қараңғы ну,
Дүлей, тағы,
Бұғаулы еңбек құлдықтағы
Артта қалған ел еді.
Патша, төре.
Бай мен бектен
Зұлым табы
Құл қып жеккен,
Еңбекші ел
Мехнат шеккен
Төккен жасы көл еді.
Қазір
Міне, енді еңбек,
Жеңіп жауын,
Талқан қылып
Құлдық тауын,
Быт-быт қылып
Қол бұғауын,
Шатты өмірге келеді.
Ұйымды еңбек,
Орақ, балға,
Өзі қожа,
Емес жалда.
Компартия — Көсемі алда,
Совет көші желеді.
Совет көші
Мың-мың лек-лек...
Көш дегенім
Мысал ғой тек...
Көш емес пе,
Өмір тізбек
Жалықпайтын жөнерге?..
Көш дегенім
Мысал ғой тек...
Көш емес пе
Өмір тізбек?..
Совет көші
Қоймай еш шек
Күш төгеді өнерге.
Совет көші
Лек-лек қаптап,
Сан бөгетті
Басып таптап,
Алға екпіндеп
Үдеп аттап,
Бәсекемен жарысад.
Бір легінен
Бір легі озып,
Қайнап завод,
Екпін қозып,
Күшті қарыш
Құлаш созып,
Шат тұрмысқа барысад.
Езіп-жаншып
Жауды, қасты,
Міне, он төрт
Дөңнен асты.
Көш үдере
Аттап басты
Сан көлденең жотаны.
Совет көші — Совет елі,
Әлемге үлгі — өнегелі,
Еңбек таптың асқар белі,
Социалдық Отаны.
Социалистан
Совет елі
Жаппай істе.
Қайнап қайрат
Қуат күште.
Бесжылдықты істейді үште,
Машина қып көлігін.
Еңбекші тап
Түгел тұрып,
Дүкен құрды.
Білек түріп,
Ұсталықты
Жаппай құрып,
Гуілдетед көлігін.
Совет елі,
Жаппай ұйым... іс істейді
Енді жиын,
Бір жоспарлы
Бар іс дүйім — Социалистаны.
Жүйткіп алға
Саулатпай ма ел,
Екпінді өрттей
Даулатпай ма ел,
Шеберлікті
Қаулатпай ма ел,
Партиядай ұстазы!
Совет елі
Алға басып,
Екпінді еңбек
Қайнап тасып.
Сан көлденең
Белден асып,
Күшті адыммен тау аттар...
Дүкендерін
Игілі істің
Жасап жатыр,
Өнер күштің
Құралдарын
Өндірістің
Жасайтұғын заводтар.
Қаулап завод
Гулейді ың-шың,
Түрлі құрал
Жасап мың-мың,
Мұндай істер
Бұрын елдің
Түстеріне кірмеген!
Қайдан кірсін
Бұрын түске?
Көпшілікті ұрып тіске,
Жібермеген өнер, іске
Қол мен тілін күрмеген.
Заводтар
Гулеп, үдеп жаңа күйін,
Гүрсілдетед екпін биін.
Ұсталықты машине үйі —
Жаңа завод мыңдаған.
Социалдық Соғыс сайман,
Серт: «үдеген Бәстен тайман!..»
Біздің завод — қызу майдан
Алмас құрыш шыңдаған.
Мың-мың тонна
Шойын құйып,
Темір діңгекті
Өрімше иіп,
Мыңдап завод
Жасап үйіп,
Машинаны шұбыртад.
Тау құрышты
Нанша илеп,
Мың-мың машин
Гулеп билеп,
Әкімші еңбек
Күйін күйлеп,
Тұрмысты өңдеп құбылтад.
Сталинград пен қызыл Путилов
(«Қызыл Путилов» трактор заводы бесжылдығын 3 жылда 12 қарашада бітірді)
Біздің, завод істен талмас,
Біреуінен бірі қалмас,
Дүз дүз үйде
Құрыш, алмас
Көк темірді қашайды.
Сталиннің
Путилов пен заводтары,
Жарыс жұппен,
Тракторлар
Марш жұппен,
Күнде дүз-дүз жасайды.
Екі алып дәу
Жарысады.
Бірін-бірі шалысады.
Қарыштап күш алысады,
Шарт жасасқан бәйгеге.
Жар салысып, СССР-ге
Түсіп біраз майлы терге,
Тер бой жазу алып ерге,
Бәйге түскен әйгіге.
Ер Путилов күшін кермек,
Трактордың
Құлаш сермеп, дәл
Мыңын бермек
Мемлекетке биылға.
Сталин де үдеп айдап,
«Беремін» деп 15 айда
Мыңын сайлап,
Айдады атты қиынға.
Ер Путилов жүйткіп алда,
Күш сілтемей
Қылмай далда...
Ол бұрын да
Еш майданда
Алдына жан салмаған.
Талай сынды күрестерде,
Серт майданды тірестерде,
Талай қиын ірі істерде
Жасқанып ол қалмаған.
Сталиннің
Күшін байқай,
Қарқынына басын шайқай,
Қуат беріп салған айқай
Кем соқпа деп шартыңнан.
Сталин де
Жиып бойын.
Іс майданда салып ойын,
Думан қылып жарыс тойын
Жетіп озған артынан...
Екі завод
Қызу думан,
Екпін күй мен көркем шу маң...
Конвейерлер сумаң-сумаң—
Бәсекелі жарыста.
Конвейерлер,
Безек-безек, озысады
Кезек-кезек...
Енді бірі «теріп тезек»
Қалмайды артта алыста..
Екі завод
Үдере істеп,
Бәсті өршітіп,
Екпінді үстеп, 100-ге қарам
Артық 100 деп
Шығарады күніне.
Жер добының
Еңбекші әлем,
Шат боп жолдайд
Достық сәлем,
Құлақ түред
Барлық әлем
Бас бәйгенің үні не.
Тізбек-тізбек тракторды,
Тізгендей қып екпін жырды,
Шығарады
Өңкей дырды,
Мың-мың құрыш алыпты.
Тракторлар тізбек-тізбек.
Құлдық бұғау жібін үзбек.
Істі сүйреп,
Өрге жүзбек
Өңкей білеу қалыпты.
Бай әлемі тісін қайрап,
Аласұрып оғын сайлап,
Маузерын сұм
Кезеп майлап
Біздің іске күйінед.
Еңбекші әлем сырттан бағып.
Біздің іске қолын қағып, коммунизм
Шамын жағып
Тіккен елге сүйінед.
Запорожда комбайн
Eрге ісін
Жеңген батыр,
Жалғыз өзі
Мыңға татыр,
Запорожда жасап жатыр
Тізбек-тізбек комбайн.
Шауып, жинап
Баптайды өзі,
Басып, екшеп қаптайды өзі...
Кім шаттанбас,
Көрсе көзі
Комбайнның ондайын?..
Егіске еркін өрістейді,
Бар жұмысты
Өзі істейді,
Тез жайпап
Тез істейді
Талай күннің жұмысын.
Комбайндай өнерлі еңбек
Қиындықтың бәрін жеңбек...
Болашаққа адам сенбек
Көріп оның мұнысын.
Грозный, Баку, Ембі
Грозный мен Баку, Ембі
Алтыннан да артық кенді,
Шығарады ен
Қымбат жемді,
Ағызады жер майын.
Жердің астын қопарады,
Жер түбінен от алады,
Шыңырау төсін қопарады
Жердің ішкі шел майын.
Гроз, Баку, Ембі, ойынан,
СССР-дің ен бойына,
Мың-мың тамыр
Өн бойына
Май таратқан жүрегі.
Дос пен дұшпан,
Іштің, тыстың, — . көзін тіккен
Сыры уды істің,
Социалдық құрылыстың
Негізі бір тірегі.
Грозный ер үздік шықты.
Жердің көп қып
Майын сықты.
Бітірді істеп бесжылдықты
Екі жарым жылында-ақ.
Май ағызып,
Тасқын көл қып, СССР-ге
Аққан сел қып,
Таратқан соң
Үдей мол қып,
Тұрмыс қызып жылынбақ.
Бұл үш завод — майдың кені...
Маймен жүред тұрмыс дені.
Май түрлі сан машинаны
Жүргізетін қуаты.
Бұл үш завод
Семіз шелдің жер құрсағы — мұнай көлдің
Тасыған май,
Аққан селдің,
Май кенінің суаты.
Қайнап завод
Түтіндетіп,
Будақ түтін
Көкке жетіп,
Тұрмыс шамын шаңқай етіп
Маймен қызулы от беред.
СССР-дің Май теңізі,
Майға құнар
Бай теңізі,
Алтын, күміс майды емізіп,
Көк темірге ход беред.
Қызсын тұрмыс,
Тойғыз майға...
Ұшсын мотор,
Көктегі айға.
Әлемді емген Қарынбайға
Құртпақ оны күшті андат!
Жер дүниеге
Майын жетсін,
Обыр байдан
Зәре кетсін.
Тіресе алмай
Қалш-қалш етсін Детердинк,
Жас дүниенің көріп ісін,
Жалмаңдатып шіріктісін,
Күйсін өліп, тырнап ішін,
Ескі дүние шіріген.
Айда күшті,
Коммуна алдың!..
Машинаны
Майға малдың,
Май күй, өрте капиталдың
Лас денесін іріген!..
Социалды бәсеке өссін,
Коммунаға ел тезден көшсін,
Құласын тез қарасы өшсін
Капиталды қалтырат!
Ұйымды еңбек қызсын ходы,
Ескі өмірдің күйсін тоты,
Қызсын тұрмыс қаулап оты
Электрді жалтырат!
Донбасс, Кузбасс,
Қарағанды және басқа кең заводтары
Донбасс, Кузбасс, Қарағанды
Қыж қайнатып
Күшті жанды,
Көмір үйілер
Тау қып маңды
Шыңырау кеулеп
Күйретер.
Қаулаған от,
Май мен көмір,
Отша жайнар,
Біздің, өмір.
От илентіп
Батпан темір
Мың-мың машин билетер.
Жер отын ап тас боп қатқан, жібереді
Мың-мың батпан,
Заводтарға істеп жатқан
Өндірістің құралын.
Тауды, тасты қылып жентек, іске жегіп
Күшті тентек,
Орындайды іспенен тек
Партияның ұранын.
Шахты, завод бәс қып істі:
Май, тас көмір,
Кен, күмісті,
Алтын, құрыш,
Шойын, мысты,
Тау-тау қылып үйеді.
Әр тек кенді,
Бөліп, жіктеп,
Сан сұрыптап,
Мың-мың жүптеп,
Тізбек-тізбек
Тау қып жүктеп
Заводтарға тиеді.
Жұмыскер тап
Жұмыскер тап, —
Бостандықты,
Социалды ірге тікті.
Жойып тапты,
Түрлі жікті
Жаңа тұрмыс құрады.
Бұлшық етті,
Білек мықты,
Күрескеннің бәрін жықты,
Көптігі қып ұсталықты
Гүрс-гүрс балға ұрады,
Тас ерітіп,
Тауларды үңгіп,
Қиын істі
Түткен жүн қып,
Электрді жаққан күн қып
Жұмыскер тап жігері.
Үдетуде
Сол жігерді,
Жұмыскер тап
Құлаш керді,
Жоқ екенін әлем көрді
Социалдан бүгері.
Құрыш қолмен
Ұшпыр қағып, электрді
Көп қып жағып, ішкі, сыртқы
Жауды бағып,
Көз жіберіп тұрады.
Пұт балғасы
Ойнап қолда,
От шашады,
Оңға, солға,
Барша әлемді
Түзу жолға
Жұмыскер тап бұрады.
Ғылым майданында
Бұрын елді
Қамап шөлге,
Теңеуші еді
Өңкей нөлге...
Жабық еді
Еңбекші елге
Қақпа, есігі ғылымның.
Ел өзегі талулы еді,
Ғылым бұрын налулы еді,
Есігінде салулы еді
Қара құлпы зұлымның.
Ұлы Октябрь тулап, тасып
Еңбекші елге нұрын шашып,
Шалқасынан тастады ашып
Ғылымның кең есігін.
Октябрьден бері қарай,
Ғылым үшін сансыз сарай,
Талай жерден
Ашты талай
Ғылым — орда бесігін.
Бұрын қалың
Еңбекші елі
Қайнап толып іште шері,
Қашық еді
Оның жері
Ғылым шамы шырақтан.
Кемнің іші
Қайнаушы еді.
Іште арманы
Сайраушы еді,
Ғылымға тіс
Қайраушы еді,
Тек көз сүзіп жырақтан.
Кедей созса қолын ептеп, қағатын ед:
«Жоғал, кет!» — деп.
Жоқ еді ғой
Бұрын мектеп,
Еңбекші тaп ұлына.
Оқитын ед
Бұрын байлар.
Төрт құбыласы
Түгел сайлар.
«Ерке тотай,
Алтын айдар»,
Оқитұғын пұлына...
Қазір еңбек балалары,
Қайнап білім саналары,
Жайнап көзі — таналары
Ғылым тасын кеміред.
Еркін екпін өрге жүзіп,
Ескі салттың заңын бұзып,
Тамырларын қоймай үзіп.
Надандықты жеміред.
Даладағы жаңа күй
(Ірі колхоз даласында)
Құрыш құждар гүрілдейді,
Қызыл күн шат күлімдейді.
Жаңғырады, дүрілдейді
Советтің кең даласы.
Еңбекші ұйым қызу істе,
Жігер шаттық құрыш түсте...
Күннің нұры
Ойнайды үсте
Eгiс жайға қарашы!
Құрыш құждар
Сап-сап құрып,
Тізбек-тізбек
Қатар жүріп,
Жер қыртысын
Жатыр түріп
Бейне қолдың саласы.
Ірі іс бұрын болған қиын,
Ұйымға енді емес бұйым.
Жоспарлап нақ істесе ұйым
Болмас істің шаласы.
Еңбек тілін істеп білген,
Тракторды ат қып мінген,
Ұшан қиыр жерді тілген
Еңбекші ұйым баласы.
Бұрын құрал ағаш сабан
Қазір алмас
Мың құж табан.
Бұрын надан
Қазір маман
Жер мен көктің арасы.
Құрыш дене құж айғырлар,
Жер талқандап,
Алып дырлар,
Сап-сап жүріп,
Жырлап жырлар
Істейді ортақ жұрт ісін.
Темір құждар іспен қызып,
Қиырды өлшеп,
Тіліп, сызып, аударады
Қатар тізіп,
Жердің шелді қыртысын.
Егіншілер
Қызулы іспен
Жыр қылады,
Құрыш күшпен
Темір айғыр
Алмас тіспен
Жердің тіліп жыртысын!
Науқанды істі
Күйлі өткізбек,
Жыр қосады
Тізбек-тізбек темір құждар
Тілген тіздеп,
Қатар-қатар шымына.
Жердің жылы
Төсін ашып.
Қызыл маржан
Бидай шашып,
Күй қосады
Көңіл тасып,
Шымның қатар жымына.
Жемісті ізі істің қызу.
Ұқсас жымы, — мың қат сызу
Телеграмның тартқан түзу
Сансыз қатар сымына.
Құрыш дене,
Мың құж табан
Екпінді істе,
Емес шабан,
Гүрілдейді бейне қабан,
Іске қожа, ақырад.
Көлемі ұшан
Ұйымды іске,
Зор жемісті,
Өнер күшке,
Бесжылдықты, істеуге үшке,
Комбайнды шақырад.
Қазіргі істің мәні өзгеше,
Көрікті түрі, сәні өзгеше,
Сарын күйі, әні өзгеше,
Дала думан жаңғырды.
Темір құждар,
Лек-лек қаптап,
Жерді тіліп,
Мың-мың қаттап,
Шапты тұқым,
Жымға баптап,
Жыртып дала сан қырды.
Талқандалып қиыр дала,
Тақталанып сала-сала,
Батсайыдай қап-қара ала
Жер мен көкті таң қылды.
Көктеп қиыр,
Маржан өсер,
Комбайнға белін төсер...
Бұлтты жиып
Құйғыз нөсер,
Авиахим жаңбырды!
Ту жаңғыртқан
Дала жанын,
Көркемдеген істің сәнін,
Екпіндеткен күй мен әнін
Темір айғыр трактор!
Шаруа ұйымын өркендету,
Тұрмыс күйін көркемдету,
Бес қырқадан еркін өту
Алдында айқын сұрақ тұр.
Сап-сап қатар адым керіп,
Лек-лек болып
Жүйткі желіп,
Бесжылдықты үшке әкеліп
Тез жақындат жырақты.
Сәнін түзеп
Ой мен қырдың,
Күй сарынын
Еңбек жырдың,
Жаңа күймен
Жандандырдың
Күйін безеп қиырдың...
Қазіргі еңбек
Күйі өзгеше,
Машинаның биі өзгеше,
Әннің енді
Күйі өзгеше —
Өнер ұйым үйірдің.
Машина, еңбек.
Екпін күйлес.
Бұрынғы әнмен
Емес үйлес,
Ырғағымен емес түйлес
Ұйқы тұмсық сиырдың.
Машиналы
Ұйымды еңбек!
Ескі меңіреу
Күйді жеңбек «ескі әуенді
Жылдам жең» — деп,
«Күй жаңарт!» — деп бұйырдың.
Еңбек тілін істеп білген,
Тракторды
Атқып мінген,
Ұшан-қиыр.
Жерді тілген
Еңбекші ұйым баласы.
Машина ұйым,
Жаңа сырмен,
Жаңа әнмен,
Жаңа жырмен көркейеді,
Жаңа түрмен,
Барлық дүние даласы.
Тракторшы колхозда
Жүйткіп тұрмыс
Алға таман,
Еңбекші елден
Кеше надан, туғызады
Мың-мың маман
Тап тартысы заманы.
Түрлендіред колхоз ұйым,
Ұйымды еңбек
Жаңа күйін...
Мастер алда,
Ұйым жиын,
Егісті істе мал-жаны.
Мастерлермен ұйым бірге,
Социалға
Қалайды ірге,
Еңбек құрад
Көрмек түрге,
Жұмыла істе бар жаны.
Іс қызады,
Күйі шалқып,
Жарасады
Күймен балқып,
Қап-қара жер
Қара барқыт,
Қызыл бидай — маржаны.
Жасап ұйым,
Көркем өмір,
Бұйыра айдап,
«Жерді жемір!»
Құж айғырға
Құрыш темір
Eгiс жүгін артады.
Қара жерді
Талқан қылып,
Мың-мың қатар
Шымын тіліп,
Үстіне атша
Мастер мініп,
Темір айғыр тартады.
Жылда арттырып,
Тұқым еге,
Бар жүкті артып, машинеге,
Барлық істі соған жеге
Өрге өрлейді еңбекші.
Барлық жүкті машинеге
Тиеп артып ат қып жеге,
Жер тобына
Болады eрe, —
Барлық күшті еңбекші.
Машинеге жегіп жүкті,
Жойып барлық кемшілікті,
Төрт жылда істеп бесжылдықты
Шат тұрмысқа еңбекші.
«Іс құралмен өнер!» — дейді.
Іс құралын өнерлейді.
Машинелер шеберлейді,
Іс мың есе өнбекші.
Тракторшы
Бүгінгі істің
Бір белді ері,
Қызық науқан
Eгiс жері...
Бүгінгі істің
Бір ұлы ері — тракторлар маманы.
Шын бүгінгі ер төсін көрген,
Еңбекші елге күшін берген,
Надандықпен
Билерге ерген —
Кешегі үлгі «жаманың».
Батыр маман егістікке,
Құрыш жегіп
Үлкен жүкке,
Айдайды күш
Еңісте ектеп
Тракторшы далада.
Ортақ істе
Соғып құрал,
Жауды бағып
Бейне қыран,
Ортақты іске
Салады ұран
Басшы ағасы қалада.
Ат қып мініп
Көк құрышты,
Шат тұрмысқа
Айдап күшті,
Ұшан жерді
Тіліп пішті
Трактордың мастері.
Ат қып мініп
Көк темірді,
Талқан қылып
Ойды, қырды,
Жаңғыртады
Жаңа жырды,
«Қызсың» дейді бәс түрі!
Іс жоспарын қолына алған,
«Қалсын, — дейді, —
Ескі жалған,
Ескі құрал
Артта қалған
Қалсын ескі іс дәстүрі».
Колхоз ісін
Тынбай күштеп,
Ну заводта алған істеп,
Машинаның жүгін үстеп,
Құж темірді жегеді.
Қыр далаға ұшан жазық,
Қиырға өктеп
Құлаш жазып,
Жаңа ұлы іске қамдап азық
Мың-мың тұқым егеді.
Eгic ері еңбекші тап,
Жер талқандайд
Құжбен сап-сап.
Машинаның тұтқасын ап,
Күшті сіңір қолына.
Сап-сап айдап тракторды,
Талқан қылып ойды, қырды,
Бетті түзу мықтап бұрды
Социалдық жолына.
Аңыздардың ойлы, қырлы
Жерін жымдап, қолмен бүрді,
Тұқым себед дүз-дүз түрлі,
Оңы менен солына.
Текке жатқан мың жыл неше,
Жатқан өліп күні кеше,
Ашылмаған бүгінгіше
Жер қойынын ашады.
Қызыл маман тракторшы,
Жаңа аспапты жаңа жыршы,
Құж айғыры
Жүкпен ыршып,
Алға екпіндеп басады.
Темір құжды қыздырады.
Қалың тыңды бұздырады.
Алмас тіспен сыздырады
Қалың жерді осады.
Кешегі сор құр даланы,
Қу жалаңаш сыр даланы,
Көгертуге сұр даланы
Тұқымды екшеп шашады.
Егістікке күшті тоқ деп,
Бөгеттерді баса-көктеп:
Бес қырқаның биыл өктеп,
Зор белінен асады.
Ісі өркендеп коллективтің, ісі оңдалып
Егістіктің, қырдан асып дені жүктің —
Шат боп көңіл тасады.
Темір құждың мастерлері,
Қазіргі істің өңкей ері.
Социалды Отан жері
Одақ совет елінде.
Тракторшы қызыл маман, мінген аты
Құрыш «қабан»,
Жасыл темір
Құж-құж табан
Бес қырқанның белінде.
Зор ұйымды сап-сап түрмен,
Өктеп мастер трактормен,
Жаңа күйлі, жаңа жырмен
Бес қырқадан өтеді.
Іс екпінді оттай қайнап,
Темір құжды мастер айдап,
Лек-лек ұйым жалау байлап
Шат тұрмысқа жетеді...

1931 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бірінші лек

  • 0
  • 0

Өткен дәуір
Қанау еді.
Үстем сана
Талау еді.

Толық

Сабаншы

  • 0
  • 0

Қара шымды қатар тізіп,
Жер қыртысын сыдырсам;
Көк соқамен жерді сызып,
Айдаланы қыдырсам,

Толық

Құмарым

  • 0
  • 0

Қанатты, тағы тұлпарды
Күміс ермен ерлесем;
Ғашығымды алып алдыма
Далаға құлаш сермесем,

Толық

Қарап көріңіз