Өлең, жыр, ақындар

Аш қазақ

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1276
(Қазақтың азаматтарына, қазақтың байларына тарту)

Ыстық күні, оттай құмы
Ми қайнатқан елсіз Бетпақ даласы.
Жолда жаяу, жүрісі баяу
Келе жатты қазақтың бір баласы.
Ол бір ерке, бағлан серке,
Елде жүрген көк өрімдей жас еді.
Енді ғаріп, болған арып,
Бұл қаңғырған қалтылдайды — аш еді.
Әрең басқан... өңі қашқан...
Тәлтіректеп аш-аруақ қуарған.
Шыққан жерден, тұрған көрден
Өліктей боп ұрттары суалған.
Біраз жүрді, біраз тұрды...
Аш-аруақ жол аузына құлады!
Біраз жатты... ышқынып қатты
Әлін жинап көтерілді, сұлады.
Тіреп жерді, бас көтерді,
Сорлы аш қазақ қалған күшін жинады.
Тәңір ісі, міне аш!
Жазасыздың шыбын жанын қинады.
Төңірекке көзін сүзіп,
Қазақ жұртын — бауырларын іздеді!
Өлгенінше жәрдем күтіп,
Тіршіліктен әлі күдер үзбеді!
«Тәңірім Алла-ай!...Адам жоқ қой?..
Жаратқан-ау, қинадың ғой жанымды!..
Көзіме жан көрінбейді...
Құрттың, Алла, бүйтіп қинап әлімді!..
Әділ едің, жасаған-ау!
Не жаздым мен, бір өзіңе мәлім-ді?
Жылаттың ғой жазасызды,
Масайратып өңкей жауыз залымды.
Итке, құсқа жем қылдың ба,
Үнсіз, нақақ азап тартқан тәнімді?
Бетпақ дала... жолдың аузы...
Көрсін қазақ аққан құмға қанымды!
Жомарт едің, мейірімді едің,
Бауырларым, бабам, қазақ қайдасың?
Бар еді ғой сансыз малың,
Ол мал қайда?.. Кім көрді оның пайдасын
Жәрдем күте жалғыз сенен...
Жайып қолды, жылап-еңіреп, сұранып...
Өлдім, міне, бауырларым!..
Айдалада, қаңғырып... аш... бұралып...»
Ыстық күні, оттай құмы
Күйдіреді. Елсіз Бетпақ даласы!
Бетпақ, меңіреу... жылап, еңіреп,
Жалғыз қалды сорлы қазақ баласы.
Қалды жылап!.. Жатыр сұлап...
Кімге міндет оның болу панасы?
Қалмас текке!.. Келешекке
Кім жауапкер, ойлап соны қарашы!?

1922 жыл, 22-сәуір, Ташкент



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Автомобиль

  • 0
  • 0

Ойыншықпен жазғам жоқ ешбір өлең,
Жеңіл қарап жүрмесің, қылмай елең.
Қараңғы мен жарықты өлең қылдым —
Махаббат пен қасірет түбі терең.

Толық

Кооператив

  • 0
  • 0

Aт, арба алды топыр кооператив,
Дүкеннен әркім бұйым апаратыр;
Шай, сабын, кересін, жіп, ине, мата,
Тырнауыш, шалғы, соқа, сепаратор.

Толық

Отарбада

  • 0
  • 1

Міне, заулап отарбада келеміз,
Кейде жүйткіп, кейде бүлк-бүлк желеміз.
Жолы құрып,
Жолы өріс,

Толық

Қарап көріңіз