Өлең, жыр, ақындар

Бабаларыма

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1117
(Шағым)

Қу заман басқа салды мұндай шақты,
Қайтейін, медеу қылдым жалғыз хақты.
Ұрпағың өсіп-өнген рулы ел бол,
Деуші еді бабам Тоқа аруақты.
Ескене, Байбек, Жәнібек — бергі атам.
Қайырлы деуші еді ғой берген батаң.
Мехнат, қиыншылық басқа түсті,
Жоқ еді, істерімде ешбір қатам.
Ор, Аба, Есен, Нұра жерім еді,
Қуандық — Қаратоқа елім еді.
Қолдар деп қысылғанда бабаларым,
Сендерге асау балаң сеніп еді.
Бар жазам күштілермен жарысқаным,
Жыртқаным сорлы жұрттың намыстарын.
Теңдікке нашар жұртты жеткізуге
Көп жауыз ұлықтармен қарысқаным.
Жазғаным елді біраз билегенім.
Паңдарды ұлықсыған илегенім.
Әйел мен кедейлерге теңелдің деп
Оларды өрге қарап сүйрегенім.
Ел жеген жауыздарға қарсы тұрдым,
Нашармен қол ұстасып бірге жүрдім.
Би, болыс, бай, төренің малдарына
Сатылмай әділшілік жолын құрдым.
Жат жерде жауыз заман жаяулатты,
Бұрынғы ұмыттырды мінген атты.
Бір күнде бай мен паңды илеткізіп,
Артынан басқа салды мехнатты.
Күлдіреп табандары, баяулаған,
Қамығып ер көңілі қаяуланған.
Ұрпағың жүйрік мінген, бабаларым,
Жоқ шығар мендей балаң жаяулаған.
Жаяулап дәмін таттым талай елдің,
Аралап суын іштім талай жердің.
Еш жерде ат-жөнімді, сырымды айтпай,
Біреуі болып сорлы жұмыскердің.
Табиғат өзгеше боп туған едім,
Белімді жастан бекем буған едім.
Халықтың қорлық көрген туын ұстап,
Әділдік жолын іздеп қуған едім.
Болса да жолым қиын мехнатты,
Сол жолда басшы қылдым жалғыз хақты.
Дарияға қайық салған ер балаңды
Қолда енді, бабаларым, аруақты!

1919 жыл, сәуір, Баян аулы



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Азап вагоны – дозақ

  • 0
  • 0

Теңдігі үшін нашардың
Жауызға көнбей туладық.
Залымдардың жасаған
Аранына уладық.

Толық

Көкшетау

  • 0
  • 1

Тізілтіп он жетіңді атағаным,
Дөңгелек отырғызып «матағаным»
— Сый тартып алдарыңа: «бар мәзір» деп,
Бәріннен «жол» дәме етіп «бата» — алғаным...

Толық

Қарлы аязда

  • 0
  • 0

Жерді басқан аппақ қар...
Соғад аяз, ызғырып —
Қызыл шұнақ, жалмаңдап,
Билеп күлед сызғырып.

Толық

Қарап көріңіз