Өлең, жыр, ақындар

Жазғы түнде

  • 31.07.2022
  • 0
  • 2
  • 963
Жамылар ымырт кеш батып,
Тыныштанар біртін ел жатып,
Басады шық, мөп-мөлдір,
Сұлудың көз жасындай,
Сап күміс меруерт тасындай
Жердің жүзі құлпырар,
Құлпырар әм аспан да.
Сансыз жұлдыз сайрасып,
Гауһардай болып жайнасып,
Шұбарлап көк аспанды,
Қосылысып алтын айымен,
Сайрасып көкте жайымен,
Мәз мейрам боп жымыңдар
Дүниеге нұрын шашқанда.
Сұлудай айна ап қараған,
Жібектей шашын тараған,
Өзенге біткен қалың тал
Суға төніп телмірер;
Ж.апырақтары желбірер,
Көлеңкесі суда ойнап
Өзеннің шетін жапқанда.
Ортасы судың ап-ашық,
Сәулесі түсіп мап-машық
Жұлдыздар мен нұрлы айдың.
Айнаға жатқан жалтырап,
Созылып шашырар қалтырап,
Сылдырлап суы ескектеп,
Жымылжып өзен акқанда.
Жалтырап шық басқан соң,
Аспаннан нұрын шашқан соң,
Алтын ай мен жұлдыздар,
Ақ нұрға батып шомылып,
Ақ торғын перде жамылып,
Жердің жүзі, көз тұрмай,
Көрінер жалтыр ақтан да.
Күндізгі сылдыр су да жоқ,
Қатты сөз, дауыс, шу да жоқ,
Төңірек тып-тың... ауа саф,
Ләззаттың дәмін татысар,
Рахатқа бар жан батысар,
Ауыл жым-жырт қаперсіз
Маужырап ұйықтап жатқанда.
Арқаның еркін даласы,
Қазақтың ерке баласы,
Тау бақылар тыныштықта,
«Рахманымды көрсін», деп,
«Көңілін хаққа берсін»,—деп
Әлемге бірдей табиғат
Шырағын көктен жаққанда...
Өлкенің бойын жағалап,
Паналап талын сағалап,
Тұсына келер ауылдың,
Өзенге қонған тақалып,
Жан-жаққа қарап, көз салып,
Көкірек толқыр дамыл ғып,
Жолықпақ жерді тапқанда.
Уағдалы жерде отырып,
Бір отырып, бір тұрып,
Кешіккен соң ғашығың:
«Не болды бұған, япырым-ау?
Келмес деп әлде жатырма-ау?»
Тыңдайсың әрбір сыбырды
Ауылды сырттан баққанда.
Келуге әлде ерініп,
Маужырап, балқып керіліп,
Жатыр ма екен төсекте?
Үміт үзбей келер деп,
Тықыршисың елеңдеп,
Ауылға қарап телміріп,
Көзіңнен ұйқы қашқанда.
Жарың келмей зарығып,
Телміріп, қарап сарылып,
Отырғанда көрініп
Қысқа уақыт ұзақтай,
Жарыңның ісі мазақтай,
Ғашығың шығар боз үйден
Елегізіп аяқ басқанда.
Көріп, шыққан жарыңды,
Уағдалы жерде барыңды
Білдіресің көрініп.
Сұқсыр көрген қырандай,
Лепіріп жанып, тұра алмай,
Ыстық қан тасыр денеңде
Жүрегің лүпіл қаққанда.
Бүркеніп шапан басына,
Тез басып келіп қасыңа,
Дамылдай қарар бетіңе,
Көзімен жүрек күйдірер,
Еріксіз өзін сүйдірер,
Көкірегі толқыр қалтырап,
Қайырып бетін ашқанда...
«Кешіктің» деп өкпе айтып,
«Келмеспін енді мен қайтып»
Дегенінде, ғашығың:
«Өкпелеп әлде қалды ма?
Көңіліне ренжу алды ма?»
Деп құбылар өң-жүзі
Сөз таба алмай сасқанда.
«Шыға алмай үйден кешіктім:
Таба алмай кілтін есіктің...»
Деп қолтыққа тығылар,
Мұңайып айтқан сөзіңе,
Мөлдірер жас көзіне...
Мас болар жаның еріп тән,
Айқасып құшақтасқанда.
Ерінге ерін тиісіп,
Бал алып тілден сүйісіп,
Жандырар жарың лебімен,
Төсіне қысып төсіңді.
Махаббат жеңер есіңді,
Дүниеде өзге ләззаттан
Сүюдің күші асқанда.
Ақылға болар кім ие?
Кірер ме еске дүние?
Толғанда шаттық жүрекке?
Қандай пенде жалғанда
Жетпедім дер арманға,
Қазақтың жазғы түнінің
Ләззатын өстіп татқанда?
Бірдемені білгендей,
Көздерін қысып күлгендей
Аспандағы жұлдыздар.
Жапырағы ағаштың
Басбағысып қарасып:
«Тұрғандарың жарасып!»
Дегендей боп ақырын
Ұқсайды сыбырласқанға.
«Таң атып, енді қалар»... деп,
«Біреудің көзі шалар»... деп,
Тағы да қайтып келуге,
Уағда айтып әрең айрылысып,
Қаршығадай қайрылысып,
Бір-біріңе қарайсың.
Үндемей қоштасқанда.
Шарықтап көкке ұшқандай,
Хордың қызын құшқандай,
Бақытты сенен адам жоқ.
Жан қиысар жарыңмен,
Жанын қосар жаныңмен
Жазғы түннің оңаша
Рахатына батқанда.
Қырандай ілген қоңыр қаз,
Тілекке жетіп болып мәз,
Тасиды көңіл сестеніп,
Риза болып өзіңе
Шаттық кірер жүзіңе,
Өзеннің бойын жағалап
Ауылға келе жатқанда.
Тоймаймын тағы сүйдірсең,
Құшақтап оттай күйдірсең,
Деміме қосып деміңді.
Балаша айтқан сөзіңе,
Қаттырақ қысып өзіңе,
Еркелеуші ең бұралып
Қалжыңғып жауап қатқанда.
Бозарып және сарғайып,
Біртіндеп көкке нұр жайып,
Талауранып қызарып,
Адырлы таудан бері асып,
Шапақтап шеттен нұр шашып,
Қайтушы ек талай ауылға
Атқанда таң, атқанда!..

1915 жылы, қараша



Пікірлер (2)

Марал

Супер

Нилуфар

Өте керемет өлең
Маған ұнады

Пікір қалдырыңыз

Өткен күн

  • 0
  • 0

Сұлудай толып бұралған,
Жібекке жасыл оранған,
Жас өрім талдың жапырағы
Сарғайып түсті үзіліп.

Толық

Інішегіме

  • 0
  • 0

Ойынды қой, оқы, інішегім, алға бас!
Жарқыратып ақ нұрменен көңілді аш.
Балалыққа жас миыңды алдатпа,
Ғылым үйрен, нұрға толсын кеудең жас.

Толық

Біздің құрал

  • 0
  • 0

Біздің құрал
Жаудікіндей шон емес.
Біздің құрал
Жалғыз ғана оқ емес.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер