Өлең, жыр, ақындар

Бурабай курорты

  • 26.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1376
Қала бар «Бурабайдың» жағасында,
Күркіреп суы атқыған сағасында.
Ақ балтыр, сұлу қайың, сүмбіл шырша,
Аңқытқан жұпар майын ағашында.
Салдырған бұл қаланы бұрын байлар,
Істелген қарағайдан көркем жайлар.
Табиғат рахатына бөленуге,
Бұрындар көркем жайды байлар сайлар.
Тұрмыстың бар рахатын иемденіп
Жаны тыныш, жағасы бос, қарны майлар;
Ішіп, жеп, бордақыша мамыр, шау боп,
Іркілдеп шіркін байлар шайнар-шайлар.
Курортқа сол үйлерді қойған жай қып,
Саулыққа керек затты түгел сай қып.
Әлпештеп науқастарды бағу үшін,
Дайындап сүйген асын бал мен май қып.
Әр жазда жиналады еңбекшілер,
Жәбірлі ескілікті жеңбекшілер.
Бейнеттің салдарынан кесел шалған
Келеді Бурабайға еңбекшіл ер.
Қиырдан жиналған жұрт тынығуға,
Жұпар май ауасына шынығуға.
Жалаңаш маржан құмда күнге шыжып,
Шомылад ертелі-кеш тұнық суға. 
«Бурабай» денсаулықтың көркем кені,
Күміс су, жұпар ауа, бір түрлі емі.
Жалаңаш денеңізге, ыстағандай
Күп-күрең май боп сіңед жұпар демі.
Бал қаймақ, бағлан еті, уыз қымыз,—
Тынығып жатқандардың жейтін жемі.
Болған соң суы күміс, ауа жұпар,
Сауықпай қайтпек енді адам дені!..
Алтын күн леппен булап күйдіреді.
Лебіне жердің бетін сүйдіреді.
Қайың мен қарағайдың жұпар иісі,
Пысынап, мас қып жанды идіреді.
Сусыны — иісі аңқыған сары қымыз,
Шалдыққан тәнге шипа дәрі қымыз.
Күшейед, біраз ішсе қаны толад,
Ілмиген қан жоқ, сөл жоқ арығыңыз.
Келген жан көктей солып арып, талып
Жабығып, қажып қайрат кесел шалып.
Жадырап, күйленеді жан мен тәні,
Оңалып, шипа тауып, қуат алып.
Ақ сұлу, әдемі үнді шаңқан қылаң,
Жүзетін күміс көлде аққу сылаң —
Бұл күнде ақ қанатты жел қайықтар,
Қалқиды дөңгеленіп желмен бұлаң.
Айнадай көлдің жүзін сызып кескен,
Гауһардай сылдырлатып, суын ескен.
Бұл күнде «Бурабайды» баурап құшып,
Аққудай ақ шатырлы қайық кешкен.
Курортты әдемілеп безеттірген,
Адамды бар байлыққа тел еттірген.
Көл басын, курорт тұрған қара орманды,
Жұлдыздай шұбарлаған электрмен.
Курорттың бір төмпеш бар ортасында,
Ерте-кеш сол төмпештің жартасында.
Оркестр топты керней күй тартады,
Жартастың шөгіп жатқан жал тасында.
Ерте-кеш сыңқылдайды топты керней
Тау ішін, көл-орманды күймен тербей.
Тербетіп, керней күйі жұбатады,
Жабыққан болса үлбіреп жанын шерлей.
Тыңдаған күміс көлде аққу күйін,
Тыңдаған Ыбырайдың «Гәкку» күйін.
Кербез тау керней күйін тыңдайды енді,
Тыңдаған Ақанның да «Такту» күйін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Інішегіме

  • 0
  • 0

Ойынды қой, оқы, інішегім, алға бас!
Жарқыратып ақ нұрменен көңілді аш.
Балалыққа жас миыңды алдатпа,
Ғылым үйрен, нұрға толсын кеудең жас.

Толық

Советстан — сегіз жасар арыстан

  • 0
  • 0

Советстан — сегіз жасар арыстан,
Сансыз жауын қалтыратқан алыстан,
Әлемді алған,
Шынжыр салған,

Толық

Ақ төбет пен отарба

  • 0
  • 0

Алысқа созылған жол еді,
Жол бойы сыңсыған ел еді.
Қызыл күн сәскеден нұр шашып,
Қарсыдан жай ескен жел еді.

Толық

Қарап көріңіз