Өлең, жыр, ақындар

Советстан – отарба

  • 21.07.2022
  • 0
  • 0
  • 2022
Поезд іші дауам қайнап құбылмақ,
Әлсіз сорлы сәкі астына тығылмақ.
Біреу жетпек,
Біреу кетпек,
Мінгендер тек,
Біртін-біртін ырғытылып жығылмақ.
Мінгендерді паровоз ғой сүйрейтін,
Өйтсе дағы біреу оны билейтін.
Мініп текке,
Мұрын көкте,
Бұрын көпке.
Мен әкенмін, басты маған и дейтін!
Шын адамзат қылығы жоқ сүйетін,
Ыза қайнап жұрттың іші күйетін.
Амалы жоқ,
Заманы жоқ,
Толған жұрт көп,
Отарба да оған басын иетін.
Поезд биін бір күні жұрт құлатқан,
Атып жерге доңыздай ғып сұлатқан.
Әкім өзі,
Закон сөзі,
Келіп кезі,
Көпшілік — би, әкім кеше жылатқан.
Сол жауызын патша еді ғой құлаған,
Отарбадан лақтырылып құлаған,
Өзі би ед,
Сөзі сый ед,
Жалғыз ие ед,
Қорлығында қалың нашар жылаған.
Көпшіліктің қойғаны енді кондуктор,
Оған әкім — көптің өзі, Совет түр.
Жаңартылды,
Заңы артылды,
Тазартылды,
Поезд енді, қараңғы емес, электр.
Жауыз бидің заманында жауыздар,
Толған еді арамтамақ ауыздар.
Қуды бәрін,
Жуды нарын,
Бұққандарын,
Бірте-бірте кондукторлар, қауыздар.
Кондуктор,
Жатпа, түр!
Электр,
Тағы жақ.
Сақ бол, сақ!
Жақсы бақ,
Жол ұзақ,
Тақ-тақ, тақ,
Тақ-тақ, тақ,
Рудзутак!
Отарбаның оты май, тас көмірден,
Жолы қоспақ темірден.
Рудзутак — жол қатынас министрі.
Маркс — Ленин,
Жолы дұрыс,
Толық құрыш.
Думай бұрыс,
Кім көлденең тұрса, соғып жемірген.
Темір жолдан отарба мүлт аумасын,
Отты көп жақ, қызыл жалын қауласын.
Буды қайнат,
Туды байлат,
Жылдам айдат,
Дүние айналып, қызыл арба зауласын.
Кондуктор,
Байқап тұр! —
Уклон бар,
Терең жар,
Электр,
Көп қып жақ!
Айдап бақ!
Рудзутак!
Рудзутак!
Трат-тат-тат!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ой серігім

  • 0
  • 0

Ойласам жарықтанды нұрын шашқан,
Шапағын қызыл күннің таудан асқан.
Мәңгілік патшалығын көркемдіктің
Ойласам гүлдің иісін кеудені ашқан.

Толық

Боранда

  • 0
  • 0

Ызғарлы түтек боран соқты қатты,
Жүз қадам жер көрінбей... кеш те батты...
Екпіндеп дүлей боран гулей соғып,
Еңіретіп төңіректі ызыңдатты.

Толық

Тазала

  • 0
  • 0

Финотдел, совет, ОГПУ, бәрін алдап,
Жалмауыз, қанға тоймас, қарын жалдап,
Халыққа мұқтаж, тапшы нәрселерді
Борсықша тыққан ұрлап, арын жалдап.

Толық

Қарап көріңіз