Өлең, жыр, ақындар

Көз толтыра қарадым

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 451
Келбетін көріп кең дала
Көктемнің сұрғылт бұлтының
Күткендей тұңғыш жер-ана,
Аспаннан күннің күркірін!
Күн күркіреп, ойнаса
Бұлтты сөгіп нажағай.
Көгінен жаңбыр нұр құйса,
Жер тұрар ма жайнамай!
Қиқулап қайтқан жыл құсы,
Саңқылдап жылы күн тілеп,
Тұрған көз ертіп ел күші,
Жем тілеп тер, дән тілеп
Қадалта оқтай қиырға
Қарашығын көзімнің,
Қарасам дала қырымда
Колхозды ауылым өзімнің.
Бейнесі өмір көркіңдей,
Көрінген жайнап жотада.
Сызықты дәптер бетіңдей,
Сызылған дала соқаға.
Сызығында дәптердің,
Десең жерді сызған кім?
Сызған — ері көктемнің,
Еңбегі елдің қызған күн.
Танкі табан трактор
Соқасын тіркеп құрсанған,
Қыртысын терең іреп түр,
Көктемде жердің бусанған.
Жорытқан темір дүлдүлдер,
Ылдидан шапса төске өрлеп.
Ізіне басқан жер гүлдер,
Безеген қырды кестелеп.
Астында әне Тұраптың
Ойнақтап темір дүлдүлі.
Жонып жортқан қыраттың,
Қиқу салып күн-түні.
Ілмей жалғыз кірпігін,
Сыбанып қошқыл білегін,
Тарақтаған жер түгін,
Атсын деп жаз гүл егін!
Солқылдата соқтырып
Даланың еңбек бүйірін.
Салалы саусақ септі ұрық,
Шашпай дәннің түйірін.
Қайраттана, қаттана,
Қалың ел қауырт шүйіліп,
Серпіле, сертпен аттана,
Шықты егіске жұмылып.
Қимылда, жыртып қырды, ойды,
Бусанған жер кепкенше,
Мезгіл күтіп тұрмайды,
Көк бұлт жаңбыр төккенше.
Інжу дән шашып болған соң,
Жер ананың қойнына,
Аспаннан нөсер нұр жаусын,
Құйылып қыр мен ойыма!
Қауызынан бір дәннің
Миллион дән өсіріп,
Шықсын, елім, егінің
Таудан бойын асырып.
Сонда менің жырларым
Құйылар ұсап жауынға.
Көз толтыра қарарым,
Дәннің алтын тауына.

1949



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қазақстан

  • 0
  • 0

Бір кездерде...
Түнек басқан Қазақстан,
Бұл күндерде ол ойнаған дауыстан!
Жаңарып жер,

Толық

Сүт өзені

  • 0
  • 0

Жазғытұры сайлардан
Гүрілдеп өзен аққандай,
Сиырлар тұрған сарайдан
Бір үн шығып жатқандай —

Толық

Ән салсам

  • 0
  • 0

Қырымда тұрып ән салсам
Кремльге жеткізем,
Кремльден ән салсам
Бүкіл елге жеткізем.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар