Өлең, жыр, ақындар

Шүйінші

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 669
Шүйінші, халқым, шүйінші!
Шүйіншіге сүйінші!
Шаттан, ата-анамыз,
Шаттан, аға - баламыз,
Кек қайтарып фашистен,
Соғыс бітті жеңіспен,
Па, шіркін! Осы шаттыққа
Түрілсін, халқым, құлағың!
Шүйінші, халқым, шүйінші!
Қуаныш жыры құйыл,
Аңсап айлар күткен күн,
Қанды соғыс біткен күн —
«Ақ түйенің қарыны
Жарылды!»— Күннің жалыны
Нұрын шашты, сылдырап
Ағылсын өлең бұлағы!
Басына бұлт шақырған,
Бұлттан бомба атылған,
Оқтары қан қақырған,
Халыққа қол батырған,
Кеудесінен жәй түскі,—
Гүрс етіп,— күлі кекке ұшып,
Кәрі Берлин құлады!
Дауыл ұрған шаңырақ,
Секілді Берлин қаңырап...
Зұлымдыққа бас болған,
Жүрегі қара тас болған
Жығылып жау ордасы
Талқаны шығып құлады.
Қирата оны тура атқан,
Қара - ала туын жыға атқан,
Жау түндігін түре атқан,
Жалынтып сауға сұратқан —
Біздің ер оғы құлатқан,
Жер жарып жеңіс ұраны!
Өңеші отқа қарылған,
Лебінен жер жарылған,
Оқ жаудыра дүркіндеп,
От шашқан күн-түн зіркілдеп,
Зекірген — біздің зеңбірек
Демін бір алды — уһ!— деп,
Майданның темір құдайы!
Жауынгер біздің саңлақтар,
Жауды жеңген солдаттар
Ардақты Отан — ел үшін,
Бақытты туған жер үшін,
Жау шатырын жықтырып,
Жауға тізе бүктіріп,
Жарқ етті елдің ерлері
Жеңімпаз өскен ұдайы!
Ой - қой, дүние-ай! Бұл күнді!
Халқым күткен нұр күнді —
Көретін күн туғанда
Белді бекем буғанда
Шаттыққа жан тоя алмай
Қараса көз қана алмай,
Қуанғаннан жас іркіп
Жанды ғой жан шырағы!
Баласын күткен ананың,
Әкесін күткен баланың,
Ерін күткен арудың,
Туысын күткен бауырдың
Шешіліп зор арманы
Алтын таңның арай
Ашты айқара құшағын
Құлшынта елді шынайы!
Шүйінші, халқым, шүйінші!
Беліңді бекем буыншы,
Жеңдік жауды күйрете,
Жасалсын той — мереке!
Осы жырым «жоқ - барым»
Тойыңа тартқан көкпарым,
Ал да, жөнел бәйгі көк,
Тарқасын жан құмарым!

1942



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кавказ шыңы

  • 0
  • 0

Кәрі Каспий, Қара теңіз
Толқыны ойнап, көкке буы
Көтерілді, теңізге егіз
Тау қарауыл Кавказ шыңы.

Толық

Шаңғышылар

  • 0
  • 0

Аспанның шалқақ айыңдай,
Садақтың иген жағыңдай
Жер жалар төсі иілген
Мұзға жүзіп жүгірген

Толық

Өтірік сүю жанға қас

  • 0
  • 0

Сынық қанат көбелектей
Отқа қалай күйермін,
Жаны елгезек ебелектей
Қызды қалай сүйермін?

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар