Өлең, жыр, ақындар

Па, шіркін!

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 395
Па, шіркін! Көрікті едің көктем қандай,
Аспаннан шықты күнің от жанғандай!
Түйілген тау қабағы кетті ашылып,
Ғашығын көкжиектен күткен жандай.
Өрмелеп көктем шығып тау басына,
Тершітті күн жылуы қарды асыға.
Жан бітіп жас бұтаға жасылдана,
Тамылжып бүршік жарды талға асыла.
Көктемде қыз-бозбала гүлше көктей,
Жарылған жауқазыннан бәйшешектей
Наздана нәзік жаны күлді сұлу,—
Сыңқ еткен саусақ тисе әнші шектей...
Жаз шыға жалт еткен көз жайнап оты.
Албырап арулардың алма беті,
Жайқалған жапырақтай киді көйлек
Айна қып таранғандай Айға тоты.
Қыр бетін жауып көктем қызғалдағы
Көз тартып қызыл шоқтай қызғандағы
Көктемнің көгінде тұр жұлдыз ойнап,
Секілді жалт-жұлт еткен қыз балдағы.
Суырып сыр тартқандай сұңғыладан,
Сарқырап сұр жартастан су құлаған!
Тұрғандай айналамда аялап тек
Шертіп сұлу өмір сырын маған.
Дала тұр жасыл ала гүлге оранған,
Көр сұлу құс төресін көлге қонған,
Көктемдей ақынның да жаны жарқын,
Жыры да бұлбұл құспен бірге оянған!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ленин қаласы

  • 0
  • 0

Толқыны соғып Неваның
Мраморлы жарына,
Түйілген бұл қаланың
Аспаны бұлт жамыла.

Толық

Теңіз толқындары

  • 0
  • 0

Толқындары теңіздің
Толқыны емес өзеннің,
Кетеді үзіп ол тізгін
Алдында нақ көзіңнің.

Толық

Жанымда менің жаз үні

  • 0
  • 0

Менің кейбір құрбыларым назданып:
– Тәке, неге лириканы аз жазып
Жүрсіңіз? – деп, мін тағады, – жүрекке
Күз жеткен бе, сізден көктем, жаз қалып?..

Толық

Қарап көріңіз