Өлең, жыр, ақындар

Аузымнан өсіп шыққан үш тіл туралы түс

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 353
Түсімде
Аузымнан
Үш тіл өсіп шығыпты.
Құнарлы топырақты жерді
Сор топырақ басып
Арамшөптер шыққандай
Өз тілімнің
Түп-тамырын қопарып
Тағы да екі тіл
Тесіп шығыпты.
Құдай-ау,
Сол екі тілдің ортасында
Өз тілім
Құлдың ұлтарағындай болып
Шолтиып қалған.
Солып,
Солпиып қалған.
Бірі жындай сұр,
Бірі удай жасыл
Сол бір екі тілдің—
Аузыма симай!—
Тіземе дейін түсіп
Салақтауын-ай—
Бірде жиырылып,
Бірде созылып,
Шиыршық атып
Жалақтауын–ай !
Бірі сұп-сұр ,
Бірі жап-жасыл
Сол екі тіл
Менің шыбын жанымды
Шырқыратуға құмар секілді ,–
Бірі сұп-сұр ,
Бірі жап–жасыл
Сол екі тіл
Бір бүктеліп ,
Бір жиырылған
Жылан секілді.
Екеуінің ортасындағы
Шолтиып қалған
Молақ тіліммен
Әлдене айтпақ болсам ,–
Сұмдық-ай !—
Осал жерімді тауып алады .—
Жиырылып келіп
Қос шабымнан
Шағып алады.
Талықсып
Талып қалам.
( Апыр-ай ,
Өртеніп жанып барам !)
Өз аузымнан
Өсіп шыққан
Жыландай сумаңдаған
Сол бір екі тілді
Шошытамын деп
Абай мен Махамбеттің
Жырларын
Оқымақ болам.
(Сөйтіп ақымақ болам ! )
Сонан соң
Көшеге шығам.
Өзімнің молақ ,
Шолақ тіліммен
Алқалы жұртқа
Әлдене айтпақ болам ,–
Сөйтіп шерімді тарқатып
Қайтпақ болам.
Әдіре қалған
Шолтиған шолақ ,
Монтиған молақ тілді
Жұрт деген не қылсын?!—
Көзіне де ілмейді
Түсінбек түгілі
Сезіне де білмейді.
Ол тілмен
Ешкім де сөйлеспейді.
Сөйлеспек түгілі
Халың қалай деп
Өй деспейді.
Өкінем,
Жылқыдай кісінеп,
Түйедей боздап,
Бұқадай өкірем.
Күлдей қабарып,
Құл менен күңдей күрсінем!
Қаратаудың басындағы
Қара бұлттай түйілем.
Өз аузымнан шыққан
Бірі сұп- сұр,
Бірі жап- жасыл
Сумаңдаған екі тіл
Жыландай ширатылып
Бүкіл денемді
Шырмап буып барады.
Өн бойымның қуат- қайратын
Тамыр- талшығымен қосып
Сығып барады.
(Қазақтар- ай,
Кеуделеріңде жан болса,--
Құтқарыңдаршы!—
Денем суып барады.)
Тыныс жетпей
Алқынып барам.
Қаным семіп
Тартылып барам.
Жаным сөніп
Сарқылып барам...
... Шошып ояндым.
Әлгі жан- тәсілім хал
Тұмандай сейіліп,
Будай көтеріліп
Ұшып кетіпті...
Тек қана
Қайран тілім—
Жылан шаққандай!—
Аузыма симай
Ісіп кетіпті...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аялдамадағы сауал

  • 0
  • 0

Бiр жас әйел –
тiлiп түсер санаңды –
айтып тұрды төтенше бiр хабарды:
– бiр мәшине жаңа ғана,

Толық

Жанталас

  • 0
  • 0

Даламның үстiн
Түндей қап-қара бұлт басты.
Бiреулер олай қашты,
Бiреулер бұлай қашты...

Толық

Мұңға батамын

  • 0
  • 0

Неткен қатал ең, Адамдар?!
Өздерiңе деген
Көлдей көңiлiмдi
Судай суалтып

Толық

Қарап көріңіз