Өлең, жыр, ақындар

Тай қазан

  • 10.06.2022
  • 0
  • 0
  • 332
Осы қазан ғажабы ғой ғажаптың,
Осы қазан қазаны ғой Азаттың...
Тұрған үнсiз ғасырларды қайнатып
Бұдан берiк қазаны жоқ қазақтың.
Бұдан алып қазаны жоқ қазақтың.
Сөзiн айтып күмән менен назамның,
Осы жерде, осы жерде тазардым...
Ешбiр елде, ешбiр жерде болмаған
Ең киелi, ең қастерлi қазан бұл.
Қаншама рет бұғау киiп бұлқындым.
Қаншама рет өсiп қайта, қырқылдым.
Алып қазан,
Берiк қазан,
Тай қазан –
Қазаны емес қарын менен құлқынның.
Лайласа – қайта тұнар тұнықпын.
Көмсе жерге – өнiп шығар ұрықпын.
Алып қазан,
Берiк қазан,
Тай қазан –
Қазаны бұл, қазаны бұл Рухтың.
Келедi ғой мұнда қайғы, шер шерткен.
Келедi ғой мұнда мұң мен зар шеккен.
Дертiп тұр ғой Рух берем деп саған
Өн бойынан өсiп шыққан емшектер.
Құдiретiн кiмдер оның ақтап жүр?..
Құдiретiн кiмдер оның сақтап жүр?..
Емшектерде қуат берер, күш берер
Дертiп тұр ғой аппақ сүттей аппақ нұр.
Қазаны бұл тазалықтың, тұнықтың,
Қазаны емес тойымсыздық құлықтың.
Қазаны бұл ақ ниет пен шабыттың
Қазаны бұл,
қазаны бұл рухтың.
Ол қайнаса –
Тоқтата алмас тасуын.
Тоқтата алмас ай, жыл түгiл, ғасырың.
Астаң-кестең қайнатқан ғой бұл қазан
Бүкiл елдiң Ызасы мен Ашуын.
Маңдайын кеп басқан оған арысым.
Оған түгел келген жақын, алысым.
Бұрқ-сарқ етiп қайнаған ғой қазанда
Күндiз-түнi жiгерiм мен намысым.
Оған келсең – түсiн, мейлi, түсiнбе! –
Құдiреттi қуат алар күшiң де.
Бүкiл елдiң ойлары мен сөздерi
Пiсiп шыққан осы қазан iшiнде.
Оған барсам тұрам жырды қайрап бiр.
Одан кiлең сесiн сезем қайраттың.
Пiсiрем деп елдiң Рух, санасын
Дәл қазiр де алып қазан қайнап тұр.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бүгінгі экологиялық баллада

  • 0
  • 0

Қора менен сарайға
тыным бермей күн-түнi
өрiп кеттi тоғайда
шиебөрi бiр жылы.

Толық

Түнгі тыныштық және махаббат

  • 0
  • 0

Қынға түскен дiрiлiндей қылыштың,
шiреп тартып сыңар iшек дыбысты
сай-саладан, аңғарлардан, өзектен
көлеңке боп көтерiлдi Тыныштық.

Толық

Бақсы

  • 0
  • 0

Елiм тектi едi.
Бiрақ
Орнынан тұра алмайтын
Дерттi едi...

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар