Өлең, жыр, ақындар

Қара мылқау

  • 09.06.2022
  • 0
  • 0
  • 413
Ол оқиға алыс қалды бүгiнде...
Сабақ жатыр оның бiрақ түбiнде.
...Келдi бiздiң ауылымызға бiр адам
Қарашаның қара суық күнiнде.
Келдi, әйтеуiр қаладан ба,
даладан.
Жаны езiлiп, аяйды оны қараған.
Алып екен –
сүйектерi арса-арса.
Азып-тозған,
өзi мылқау,
қара адам.
Азып-тозған –
күй қалмаған күйiнде.
Ештеңе жоқ iлiп алар иiнде.
Байғұс жанды есiркеген адамдар
берiп жатты жатар орын,
киiм де!
Аяп оны ауқатты да, жарлы да
аяп оны бергi көше,
арғы да...
Бәсекеге түскендей-ақ бейне бiр
бар тапқанын тосып жатты алдына.
Тонын бердi аяп оны бiреуi,
Орын бердi аяп оны бiреуi.
Табақ-табақ ас пен суды iшiп-жеп
Үш ай қыста ұшар құстай түледi...
Құтырынған оттар ойнап көзiнде,
алапат күш пайда болды өзiнде.
Нән өгiздi құлататын, –
апыр-ай! –
Ырғап қалып,
бiр сiлкiген кезiнде.
Шомбал шойын түрi де оның, түсi де!
Бой бермейдi алты бiрдей кiсiге.
Тәнтi болып отырды ендi сол ауыл
оның долы алып сойқан күшiне.
Содан мылқау бара жатты тасынып.
Содан мылқау бара жатты басынып, –
кеттi мүлде құтырынып, есiрiп
жiберген соң қошеметiн асырып.
Қарамайтын болып алды беттiге.
Алданбайтын болып алды ептiге.
Ап кеттi ендi сұраусыз-ақ майсөктi,
ап кеттi ендi бақандағы еттi де.
Салды мылқау –
бүлiк пенен ойранды.
Салды мылқау –
осылай бiр «сайранды».
Сол ауылдың зәре-құтын қашырған
қара мылқау албастыға айналды.
Сойқан екен –
албастының асқаны.
Сойқан екен –
албастының тасқаны.
...Ел жұрт ендi машинамен бiр күнi
бiр шаhарға оны апарып тастады.
Ешкiмдi мен бөлмесем де жатсынып,
жоқ болса да көңiлiмде тапшылық, –
көз алдыма қара мылқау келедi
көрсем егер шектен шыққан жақсылық!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір үміт, бір өкініш

  • 0
  • 0

Саба-саба
Ақ бұлттар жатқан
Алатауға
Ұшқым келiп тұрғаны-ай

Толық

Бас туралы жыр

  • 0
  • 0

Аспан астындағы
Бүкiл мына тiршiлiктiң
Бұл ендi
Барып тұрған соры болды:

Толық

Күту

  • 0
  • 0

Өзгеше боп есiтiлiп өз үнiм
елеңдейдi сезiгiм мен сезiмiм.
Күте-күте,
күте-күте өзiңдi

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар