Өлең, жыр, ақындар

Қарауыл төбе басындағы ой

  • 08.06.2022
  • 0
  • 0
  • 261
Ақ шаң болып жота, қырым, белеңiм,
дауыл соғып,
лайланып тереңiм,
қауiп-қатер төнген кезде далама
от жаққан ғой басына осы төбенiң.
От жаққан ғой,
от жақпауға бола ма?!
От жақпауға болмаған ғой шара да.
Аласат бiр қатер келе жатыр деп,
отпен белгi берген ұлы далаға.
Көк сүңгiдей соғылатын өкпеден,
қауiп бар деп далаға осы беттеген
сөйлескен ғой төбе, төбе, төбелер
түн iшiнде жарқыраған отпенен.
Кiм қояды мұндайда аттың ерiн ап,
аттың ерiн алу ерге өлiм-ақ.
Дала сонсоң кiреукесiн киiнiп,
дайын тұрған бес қаруын белiне ап.
...Өзегiмде өрттей жанып өлеңiм,
бұл өмiрдi оймен келiп бөлегiм,
қауiпi көп мына ұлы заманда
шықтым мен де басына сол төбенiң.
Шықтым соған.
Қарап тұрмын ғаламға, –
тау мен тасқа
шөл мен теңiз, Адамға.
Қарап ұрмын, қарап тұрмын, қарап мен,
қауiпi мен қатерi көп заманға.
Шошып сонсоң мынау заман түрiнен,
ойлар сезiп шiрiп, әбден iрiген
адамдарды оятайын деп ендi
сол төбеге от жақтым мен түнiмен.
Жинап қойып бәрiн, бәрiн мен ендi –
әуен, әуез, саз бен ырғақ, өлеңдi
сол төбеге от жақтым мен түнiмен
адамдарды оятайын деп ендi...
От жақтым мен ешкiмдi де тыңдамай,
тас төбемде бара жатты зырлап ай.
Алып далам,
ұлы далам бiрақ та
селт етпедi,
селт етпедi!
Бұл қалай?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қапалану

  • 0
  • 0

Арал теңiзiм –
Тұз сеуiп
Жиналмай қалған терiдей
Тырысып

Толық

Телемұнара

  • 0
  • 0

Денесiн сөздер аралап
таратқан үнiн жаршы ғып –
аспанға тұр ол
ғаламат

Толық

Талас

  • 0
  • 0

Елiме қорған болатындай
Арқар мүйiздi,
Атан жiлiктi азаматтарым
Таласып жатыр.

Толық

Қарап көріңіз