Өлең, жыр, ақындар

Тайпа трагедиясы

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 179
Табиғаттың сезiп әуен, жыр, үнiн
үйлестiрген соныменен ұғымын
бiр тайпа жұрт джунгли iшiнде
кешiп жатты жабайылау ғұмырын.
Алдарынан қылаңытып боз үмiт,
кейде күлiп,
кейде жылап езiлiп
бiтпейтұғын тарамыстай күндерде
өмiр сүрдi тарамыстай созылып.
Досқа күлiп,
қабақ түйiп қасына,
өмiр сүрдi кәрiсi де,
жасы да.
...Кенет, кенет әумесерлеу бiреудiң
келдi бiр күн әумесер ой басына.
– Тыңда, қане, –
жасыңыз да, кәрiңiз,
айтқанымды ойға салып көрiңiз –
ақылдының етiн жесек бiз егер
ақылды боп кетпеймiз бе бәрiмiз?!
Мына сөзден бүкiл тайпа дүрлiгiп,
есi кетiп бiр жылады,
бiр күлiп.
ақылды боп кеткiсi кеп бiр сәтте
бәрiнiң де көздерiне тұнды үмiт.
Онсыздағы жадап жүрген аш халық
сәл аялдап тұрдыдағы жасқанып,
бастап жүрген ақылдыны бiр-екi
сол сәтiнде жеп алды ғой бас салып.
Ақыл көрiп әумесердiң ақылын,
аңдыды ендi бiрiн-бiрi ақырын,
батыр болып кеткiсi кеп бiр күнi
тарпа бас сап жеп алды ендi батырын.
Бойға дарып жатқан-сынды жегенi
тапты не бiр сұмдық пенен бәленi,
кеттi сонсоң қу құлқынға жем болып
өркендiсi,
өнерлiсi,
шеберi...
(Соны ойласам кетедi ғой кек қайнап)! –
Ақырында таяқпенен қақпайлап
ақыл-ессiз,
батырсыз сол тайпаны
басқа тайпа құл қып бiр күн кеттi айдап.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Адам өлтiрген адамды іздеу

  • 0
  • 0

Адам өлтiрген адам
Табылмады.
Iздеушiлер де,
Iз кесушiер де

Толық

Жиіркеніш

  • 0
  • 0

Назаланып опынған
не сұмдықты өткерiп –
адам көрдiм
отырған

Толық

Нәресте дүниеге келген күн

  • 0
  • 0

Дүниеге келген күнi нәресте
күнде өзiмiз еститiн
оқиғалар болып жатты ерекше:
боран болып бiр жерлерде iркiлдi iс;

Толық

Қарап көріңіз