Өлең, жыр, ақындар

Тоналған орман

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 290
Тағы, мiне, жаным менiң сұрапыл.
Тағы, мiне, сынған-сынды мұратым...
Дәл осы бiр,
дәл осы бiр аңғарда
ұйып қана шағын орман тұратын.
Махаббат пен сұлулықтан жаралған,
Ай нұры мен Күн нұрына оранған
тiрлiгi мен тiршiлiгi өзгеше
жұмбақ жасыл әлем едi сол орман.
Келер болсаң тезiрек жет, кел ендi.
Көрер болсаң қара келiп, көр ендi...
Электрлi аралар кеп бiр күнi
тонап алып кеттi жасыл әлемдi.
Тұрған кезде жасыл шулы ертегiм
үмiтпенен қарайтұғын ертеңiм...
Сол бiр орман,
сол бiр орман шап-шағын
ажары мен базары едi өлкенiң.
Қан қақсадым –
күйiндiм де егiлдiм,
қақырадым,
сетiнедiм, сөгiлдiм.
Тонап кеттi аралармен келдi де
сол ғажайып сұлулығын жерiмнiң.
Соны қоршап тұратұғын жондарым.
Соған кiрiп дем алатын жолдарым.
Тұнып тұрған ән болатын жап-жасыл,
ұйып тұрған жасыл сол бiр орманым.
Күйiндiм де, егiлдiм де, жыладым.
Қашанғы ендi төзе бермек шыдамым.
Тонап кеттi қырқып алып арамен
сыңсып тұрған елдiң жасыл сол әнiн.
Сендер де ендi көрiңдер де, бiлiңдер!
Тағдыры оның жан-жүректi тiлiмдер...
Сақиналар дөңгеленiп бетiнде
қалыпты тек түбiр, түбiр, түбiрлер.
Жазың мынау қара суық күзiндей...
Бiр мұң қалды жүрегiмнен үзiлмей...
Түбiрдегi сақиналар –
бейне бiр –
қылмыскердiң саусағының iзiндей...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күзгі эфир

  • 0
  • 0

Сығымда уысыңды
Эфир тұр буырқанып.
Чилиде атып тастаған
тағы бiр рухани

Толық

Жағымпаз

  • 0
  • 0

Сөзбенен! –
Айдың сәулесiнен
Ақ шатыр тiгiп бередi.
Өзендердi бұрып әкеп –

Толық

Мейірім

  • 0
  • 0

Кенезесi кеуiп келгеннiң
Таңдайын жiбiтетiн
Бұлақсың.
Қара түнекте қалғанның –

Толық

Қарап көріңіз