Өлең, жыр, ақындар

Бір жүйріктің тағдыры туралы жыр

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 252
Белгiлi қыр, ойыңа,
бергiге де, арғыға,
қанша жылдар бойына
ат салмаған алдына;
не бiр тойды өткерiп
болған жұртқа әйгiлi,
кеткен алып, бөктерiп
талай-талай бәйгенi;
бауырынан жараған
шақырым боп ара жiк –
бәйгеден де аламан
келетұғын қара үзiп;
жел естiрiп алдынан –
iлесе алмай құстар да
қалатұғын жануар
созылып кеп ұшқанда;
тұяғы тас ататын
жалын шарпып бетiңдi;
дара келе жататын
қара құйын секiлдi;
өтетұғын шаңдатып
жота, қырды елемей, –
адырнаны аңыратып
ұшқан қара жебедей;
ат емес бiр оқ едi
iлеспейтiн желiң де.
ондай жүйрiк жоқ едi
сол аймақта,
өңiрде!
Көтеретiн өр екпiн
қос қолтықтан жел оны.
Қаражалы Дәнеттiң
деп атайтын ел оны.
Бар едi онда өр екпiн.
Қалатын жұрт елеңдеп
Қаражалы Дәнеттiң
келе жатыр дегенде.
Соның сөзi жөн едi
кетсе де асып әдеттен,
қадiрлi адам жоқ едi,
сол өңiрде Дәнеттен.
Шашырап бiр шапағы
жарқырады ай, күнi.
Асып тұрды атағы,
асып тұрды айбыны.
Құрметтеп алатын
ел боп күтiп өбектеп,
бәйек болып қалатын
Дәнет,
Дәнет,
Дәнет деп.
...Сөнедi ғой жарық та,
өтер қызық баяны,
алыс тартып даңқ та,
бақ та бiр күн таяды.
Бұған дiттеп көңiл қой:
сөнер атақ шамы да.
Өмiр аты өмiр ғой
солай болды тағы да...
Кеткен даңқы дүбiрлеп
дүйiм елдi аралап,
күндердiң бiр күнiнде
жүйрiк шықты ғаламат.
Ұмтылғанда жұтынып
екпiнi бар сұңқардың, –
тарпандардың тұқымы,
тұяғы екен тұлпардың
Талай жерден бата алды
сұңғақ мойын,
жiлiктiм!
Құндызкөгi атанды
Ардақ деген жiгiттiң.
Түгi ойнаса желменен
қаласың ғой жұлдыз деп.
Айқайлайды ел деген
Құндызкөк деп, Құндызкөк!
Жұлдызша ағып өттi ғой
қояды ма сел екпiн.
Шаң қаптырып кеттi ғой.
Қаражалын Дәнеттiң.
Қызулықтың оты енiп
шапқан сайын өрлеген.
Құндызкөктi көтерiп
кеттi содан ел деген.
Құйылатын сарқырап
атты тастап қаншама,
келiп тұрды жарқырап
қай бәйгеге салса да.
Көмдi қанша сел екпiн
Қаражалды шаңына!
...Мұның бәрi Дәнеттiң
тиiп жатты шамына.
Жүрдi Дәнет түйiлiп,
iштей жүн боп түтiлiп, –
қызғаныштан күйiнiп,
қызғаныштан түтiгiп.
Өзiн-өзi тiнтiген
не iстерiн бiлмедi, –
күндiз қалып күлкiден
қалды ұйқыдан түндегi.
Арам ойды қырқуға
оның көзiн көр қылды...
Құндызкөктi құртуға
Дәнет ендi бел буды...
Тауысып бар сабырын
өрт боп күйiп-жанды да
ағайынның қадiрiн
салды Ардақтың алдына.
Сенiкi осы барым деп –
жан-жағынан қармақ сап, –
болайық деп тамыр деп
жеттi өзi де салмақ сап.
Жалардай боп табанын
салып түрлi шарғыға,
тартты ата-бабаның
әруағын алдына.
Мiне, арым, жан! дедi
...Қояды ма жармасқан!...
...Қидым саған ал! дедi
Ардақ шыдай алмастан.
Саудаға сап арды да,
жандай болған өлетiн –
Құндызкөктi алды да
кеттi өзгерiп Дәнетiң.
Батып қара күнәға,
жағып күйе шындыққа –
естiмеген бiр адам
барды Дәнет сұмдыққа.
Ел күйiнiп ширықты,
қара түн боп түнердi –
Дәнет қайран жүйрiктi
етке өткiзiп жiбердi.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Айығып кетер ме екен?!

  • 0
  • 0

Дәл қазiр
Жерiм де ауру,
Елiм де ауру.
Жерiм –

Толық

Саған

  • 0
  • 0

Жалғыз өзiң бар дертiме дауадай
аппақ нұрын құйып саған ауады ай.
Жеп-жеңiлсiң желпiп соққан самалдай,
жеп-жеңiлсiң тынысымдай, ауадай.

Толық

Бүгінгі метамарфоза

  • 0
  • 0

Құдай-ау,
Біз қазір
Нені ұғып,
Нені білгендейміз...

Толық

Қарап көріңіз