Өлең, жыр, ақындар

Мендегі төрт мезгіл

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 246
I
Менде — көктем.
Көктем менде тап қазiр.
Тасып жатыр өзен болып ақпа жыр.
Құстар бiткен Аңсау атты көлiм мен
Ойлар атты орман-тоғай жақта жүр.
Көктем келсе —
болары анық дүрмектiң,
дүрмек болса —
жатар менi тiлдеп кiм.
Жүрегiмде алма ағаштар секiлдi
Арман, Үмiт көздi тартып гүлдеп тұр.
Соғады аңқып —
тыңдашы сен ағысын —
сыпырып бiр өсек-жала қоқысын,—
шаттық желi шулатып тұр
жүректiң
терiскей мен
түстiк,
шығыс,
батысын.
Менде — көктем.
Көктем сынды күйге енем,
түскендей бiр күмбiр-күмбiр күймеден.
Бар болса егер бос жатқан тың алқабым
осы келген көктемде оны игерем.
Менде — көктем.
Өн бойымды қандырып
төгедi бiр нөсерлетiп жаңбырым.
Төкшi, нөсер, кеудемдi бiр шулатып
дүркiреп бiр өсiп шықсын шалғыным.
Нұры түсер көктемiмнiң саған да,
айналама,
кең далаға,
алаңға.
Тылсым күшпен дiрiлдеген шуаққа
шомылып тұр ақылым мен санам да.
Дәл осы сәт несiн айтам сендерге,
таңғаларсың өздерiң-ақ көргенде:
Торсияды түскен әрiп қағазға
топырақта өнiп жатқан дәндердей.

II
Менде — жаз.
Шiлденiң аптабы...
Ойымды
шарлаған қиырды —
азапты шектiрiп,
миымды
тандырдай кептiрiп
қуырып, қақтады.
Құп-құрғақ жел кеп бiр
бәрiн де
кептiрiп тербеп тұр.
Қан тамыр,
жүрегiм
қаталап шөлдеп тұр.
Шөлдеп тұр
жаңбырлы таңдарға,
жалынды жандарға,
жолдарға, орманға,
шалғынды арманға.
Шөлдеп тұр
шөлдеген
жүрек пен ерiнге,
күрес пен шеруге,
өлең мен өмiрге.

III
Менде — кұз.
Толғатқан ойларым
күн нұрын iштi де
үзiлдi топ етiп
алма боп пiстi де.
Үзiлер тағы да,
тағы да, тағы да —
айналам сол сәтте
алма ағаш бағына.
Ең ұлы жеңiсiм:
ел үшiн
пiскен жемiсiм.
Пiседi ол сiмiрiп,
бойына сiңiрiп,
қанымның қызылын,
миымның қызуын.
Бар онда
сезiмнiң жалыны,
бар онда найзағай жарығы.
Бар онда
желдердiң тынысы,
төзiмнiң құрышы,
топырақ, күн иiсi.
Бәрiн де бойына
сiңiрiп пiстi де,—
топ етiп түстi кеп
сағыныш сарғайтқан
жүректiң үстiне!

IV
Менде — қыс.
Сiлкiнiп жүрегiм алапты,
ашуым, намысым борап тұр,—
күлкiмдi,
нұрымды
тонап бiр,—
борап тұр.
Бораным соғады
шаншылып бүктелiп
үзiлiп кетердей жынданған,
ток аққан сымдардай
сыңсиды
нервтiн, жiптерi.
Борайды санамды бөлшектеп
тырналап жанымның жарасын.
Кетедi сол сәтте
ұйтқыған дүние iшiнде
Төзiм мен Сабырым адасып.
Құлағым шыңылдар
сұп-суық сөздерден;
Сең жүрген өзендей
өн бойым сықырлар
сұп-суық сөздерден.
Осы сәт
сұп-суық бәрi де:
әншiнiң әнi де,
жалынның лебi де
сұп-суық бәрi де.
Тұншығып тыныстың
жолдары алқынар,
жел соққан бұтақтай
қолдарым қалтырар...
Менде — қыс.
Сiлкiлеп жүрегiм алапты
ашуым,
намысым борап тұр,
күлкiмдi,
нұрымды тонап бiр
борап тұр...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шырақ

  • 0
  • 0

Осы бір құбылысқа
Ежелден қанықпын:
Жанымның
Алыс бір түкпірінде —

Толық

Өкінішті тілек

  • 0
  • 0

Бәрi, бәрi өзгердi,
Суық басты дененi.
Ести, ести сөздердi
Керең болғым келедi.

Толық

Күмән мен күдік

  • 0
  • 0

Бұрын мен
Күмәнға жат едім.
Бұрын мен
Күдікке қас едім.

Толық

Қарап көріңіз