Өлең, жыр, ақындар

Зират үстіндегі жаңбыр

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 211
Аспан да бұлтын қуып бiр
осынау тұсқа жинапты.
Ақ нөсер төпеп құйып тұр
үстiне мұңлы зираттың.
Сел етiп көк-жер арасын,
аламын дей ме сауабын –
жуады нөсер моласын
әкелер менен ананың.
Қаталап ернi кезерген,
әманда ойлы пiшiнде,
шомылып тұрды нөсерге
мәрмәр, қола мүсiндер.
Iздерi қалған iсiнде,
жаққан сан жүрек оттарын,
шомылып тұрды мүсiндер
ардагер азаматтарым.
Найзағайлары жалтылдап,
Нөсерге көбiк сапырған
шомылып тұрды марқұмдар –
әншiлер, доктор, ақындар...
Сағағын бiр гүл қозғап тұр
көзiне күннiң асық боп –
моласы-ау жап-жас боздақтың
үлгермей кеткен ғашық боп.
Ғаламат сиқыр дастандай
төкшi сен, төкшi, төк, жаңбыр, –
әнiңдi айтып тастарға,
дененi сiлкiп толғандыр.
Қалсыншы олар қауышып
бiр сәтке еске ап даласын,
есiтсiн нөсер дауысын
сiмiрсiн көктем ауасын...
Нөсерiм бiттi тынды деп
ашылды кенет аспаным.
...Айнала үнсiз,
тұрды тек
жапырақтардан жас тамып!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алатау батырға анасының айтқаны

  • 0
  • 0

Ей, балам!
Әкең өлгенде
Ішімде қалып ең.
Күйіктен өртеніп,

Толық

Бостандығым туралы сөз

  • 0
  • 0

Ұшыраған тауқымет дауылына,
жаурап тоңған тағдырдың жауынына, –
бостандығың келдi ғой,
бостандығың!

Толық

Мұхтар Шаханов алпысқа келді

  • 0
  • 0

Маңдайында – Желтоқсанның! –
Ұйып қалған қаны бар
Горбачевпен айқасқан,
Талай-талай әңгүдiк

Толық

Қарап көріңіз