Өлең, жыр, ақындар

Ауылда. 1996 жыл

  • 05.06.2022
  • 0
  • 0
  • 357
Елдің қамын бір кісідей жеуші едім,
Астанадан асса ауылым деуші едім.
Елестеткен ерке жұртты көзіме,
Арман шіркін, бар ма сенің, беу, шегің!?
"Әкең менмін!" — дейтін әкем құрдасы,
Кіндік шешем дейтін мені "тол басым".
Таласатын ата-анамның орнына,
Сағынамын сол алыптар тұлғасын.
Қайда енді ат мінгізер нағашым,
Жоқтайды іні арқалайтын ағасын.
Қайда ауыл арман-сағым бейнесі,
Бар ма өлшем салыстырар шамасын?
Дархандығын жоғалта ма бұл далам?
Қонақ қайда қонақтығың бұлдаған?
Су сұраса бал бергізген бабамды,
Кім дегізер бара-бара сұм заман?
Қайда жігіт сұрап шығар "жекпе-жек",
Қан қайнатар, оятып ап, кеке кек.
Бұ күн үнсіз пышақ суға салады,
Сәл нәрсеге бір-біріне өкпелеп.
Кестесінен сезілетін ішкі леп!
Моншақ тізген ақ саусағын піскілеп —
Қайда жүрсің нәзік сұлу сағынтып,
Бұ күн қызда — асып-тасу, күш-білек.
Ана атын қылығымен аптаған,
Жүрегінде ата ғұрпын сақтаған.
Қайдасыңдар, айналайын, аналар,
Мыналар кім, кіл жалаңаш қаптаған?
Аға — қайрақ, іні жүзін жанатын,
Апа — тамыр, нәрлендірер санасын.
Әке — айбын, жиен, жезде қайда олар,
Сан ғасырлар тұрған тауып жарасым?
Қалалықпын, сағынған ем ауылды,
Үлгі еткен арман-киял қауымды.
Тексермекке жан-тәнімді келген ем,
Эталонға — рух, пейіл, сауымды.
Өнерімнің, жыр-әнімнің ұйқасы,
Ауыл — сен ең — нәрі, шелі, құйқасы!
Оңып сен де барасың ба, апырмай,
Дейді ме ертең ауылыңның сиқы осы?
Өксіп тұрмын, көзге тамшы жас алмай,
Арып-аштым, жанға нәрлі ас алмай.
Қапалымын, алғаш рет ауылдан,
Қайтып барам сағынышты баса алмай.
Арашалар жанды жеген осы ойдан —
Тек баяғы төбелерім тас ойған.
Тек баяғы дамбалы жоқ бұтында,
Балақандар, бірдеңесі шошайған.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сұлулықты түсінер әркім қалай

  • 0
  • 0

Сыр шертеді даланың қызыл гүлі,
Гүлдің гүлі – бір қызы сыбызғылы.
Сән-сәулеті елімнің осы екеуі
Және тағы домбыра, сыбызғы үні.

Толық

Елуге толған ұстазға

  • 0
  • 0

Төрт жирма бес өмір сүрген адам бар,
Әр қайсысы – ғажап алып қадамдар.
Бір жирма бес өмір сүрген адам бар,
Тындырғанын зерттер талай замандар.

Толық

Тілек-бата

  • 0
  • 0

Міне әділдік — қақ жарған қара қылды,
Ел таныды қамқорын саналы ұлды.
Есе кетіп жүргенде енді міне,
Даламызға баламыз пана болды.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар