Өлең, жыр, ақындар

Қазақтың бесік жыры

  • 19.05.2022
  • 0
  • 0
  • 393
Ұйықта, ақ бөпем, бөбегім,
Әлди, әлди, әлди-ай.
Бесігіңде өбемін
Деп тұр, көктен жарық ай,
Берейінші ән салып,
Ертек айтып, налымай;
Ұйықтай қойшы, дем алып.
Әлди, әлди, әлди-ай.
Толқыны тасты сауырлап,
Лепіріп Терек ағады;
Жағада жер бауырлап,
Қанжарын шешең жанады; -
Әкең тарлан жауынгер
Майданды кешкен жасқанбай
Қам жемей қалқам жата бер,
Әлди, әлди, әлди-ай.
Шығарсың ертең тіленіп,
Қырғын ұрыс - болар сын;
Үзеңгіңді шіреніп,
Қолыңа мылтық аларсың.
Жібектен тоңым салдырам,
Дүниені сенен аямай...
Ұйықта, бөпем - балдырған...
Әлди, әлди, әлди-ай.
Қазақ жанды айбарлым,
Батыр боп сен де өтерсің,
Ұзатып сені салармын –
Қол бұлғап, қош деп, кетерсің.
Сол түнде өксіп тұншығып,
Төгермін жасты мен талай!..
Ұйықтай ғой, сәулем, тыншығып,
Әлди, әлди, әлди-ай.
Қасірет жұтып, тарығып,
Жұбанбай күтіп жатармын;
Дұға қып, күндіз жалынып,
Түн бойы бал ашармын;
Зарығып жүрсең жат жақта,
Шыдармын ба қайғырмай...
Ұйықтап ал мұршаң бар шақта
Әлди, әлди, әлди-ай.
Берем тәңір суретін,
Сапар шексең сен егер;
Көр де күнде нұр бетін,
Мінажат қыл - дем берер.
Шықпасын шешең сірә естен,
Ұрысқа тартсаң тайсалмай...
Ұйықта жаным нәрестем,
Әлди, әлди, әлди-ай.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

...ға

  • 0
  • 0

Имеймін бас, болмаймын қор,
Назың тәрік, күдеріңді үз:
Үстемдіктен тым дәмең зор,
Қалды көңлім біз бөтенбіз.

Толық

Баллада

  • 0
  • 0

Қақпадан шығып үш батыр сап түзеп ұзап барады,
жалған-ай!
Үш сұлу үнсіз көз сүзіп, соңынан ұзақ қарады,
арман-ай!

Толық

Жыла, жыла! Израиль жұрты енді

  • 0
  • 0

Жыла, жыла! Израиль жұрты енді,
Жұлдызыңды жоғалтып;
Жер шеті түнек бүркенді –
Жанбайды қайта ол қайтып:

Толық

Қарап көріңіз