Өлең, жыр, ақындар

Шулады-ау күллі қара орман...

  • 01.04.2022
  • 0
  • 0
  • 430
Құз жартасқа атылған,
Ақ жол толқын әні әсем,
Шағаладай шарқ ұрған,
Мен – теңіздің баласы ем!
Ұмтыла жүзген өнерге,
Толқын да толқын жүрегім,
Қазынам – байлық тереңде,
Мен – теңіздің ұлы едім!
Бұлтты күні жай атқан,
Теңізде түнеп жатып ем,
Толқыны толқып оятқан,
Теңізде туған ақын ем!
Деп баламмен жол шектім,
Апарып туған жерге мен,
Қамығып алғаш көрсеттім –
Осы деп өскен ел деген!
Аспан қолын жаяды,
Ескі көзден неге із жоқ?
Жағалау жатыр баяғы,
Аймалар анам теңіз жоқ.
Жонымды осып тұр қамшы,
Жас келді толқып жанарға,
Көзімнен тамды бір тамшы,
Теңізге демеу болар ма?!
Теңізге жатыр ұлтаны,
Таңдайын сұмдық шөл басқан,
Қамығып көгім тұр тағы,
Ішегін тартып қалды аспан.
Балама мынау не айта алам?
Кеудеме өксік кептеліп,
Күллі көк басын шайқаған,
Адамзат, сені жек көріп!
Қанатым болған қолдаушым,
Көз алдымда-ау сарқылдың.
Теңізім, шығып жан даусың,
Шулай да шулай тартылдың!
Балықшы дейтін қауымға
Бір өзің болып бар арман,
Теңселіп төнген дауылдан
Шулады-ау күллі қара орман!
Қатал-ау сұмдық соншама,
Тағдырға қалай көнерсің?
Теңізбен бірге қаншама
Тіршілік өлді, не дерсің!
Шағала құстың қиясы,
Орнында теңіз сор қалып.
Қаңырап құстар ұясы,
Аңырап көшті ел – халық!
Бір жәрдем болмай халықтан,
Тіршілік суы құрып қап.
Мың-миллион балықтан
Қалмады-ау бүтін бір «ұрпақ».
Аққу да кетті әдемі,
Қия алмай қанат бұлғаумен,
Шағала – теңіз сәні еді,
Олар да кетті шулаумен!
Ғұмырың қалған не берер?
Ақтық бір сапар жолда тұр;
Құмға шөккен кемелер
Өксіп те жылап ол жатыр.
Жаңа бір толқын іні өсер,
Теңізім, анам, сабыр ет,
Оянар, халқым күресер,
Әлде де жеңер әділет!
Табысып ұлы өмірмен,
Аққуың ұшып қона алар,
Көрінер құстар көгіңнен,
Қиқулап қайта оралар.
Айтайын енді қай бірін,
Сұлу да самал, жел де әсем,
Түсінер ме едің айдынын,
Аққу да қазын көрмесең?
Тәңірім саған дем берсін,
Не дейін теңіз анама?
Оралып қайта ел келсін,
Ақшағыл құмды жағаңа.
Теңізім Арал – тілегім,
Жанымда балам – шағалам,
Балаңның мен де бірі едім,
Басыңды көтер, жан анам!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шымбұлақ

  • 0
  • 0

Бір бауырым көрсетті алғаш Шымбұлақты,
Кеудемде өлең бұлақ сыңғыр атты.
Шымбұлақ бір ғажайып жер дейтұғын,
Тосқанмын осы сөзге мың құлақты.

Толық

Абайдай жазсам-дағы Абай демес

  • 0
  • 0

Абайдай жазсам-дағы Абай демес,
Өтті ғой талай дүбір, талай кеңес.
Ақындық Ел отырған айналада,
Ақындық патша отырған сарайда емес.

Толық

Лондонның құшағына ендім мен...

  • 0
  • 0

Бұл өмірде бұл құпия мен білген
Бұл өмірде бұл құпия сен білген,
Сенің аппақ құшағыңда жатқанда,
Лондонның құшағына ендім мен

Толық

Қарап көріңіз