Өлең, жыр, ақындар

Киіз үй

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1720
Киіз үй… Көп болыпты-ау кірмегелі…
Сығалап түндігінен күн кемері,
жаныма бір рахат әкелетін
жұпары боз жусанның іргедегі.
Үй, дала – нәр алуға қос анамнан
тағы да келем аттап босағаңнан.
Баяғы шаңырақ – күн сәулесіндей,
алдымнан тағы менің тоса ма арман?
Кідірдім босағада.
Төрге өтпедім.
Келгендей көмейіме жөргек демім.
Жұтыпты жүйрік ғасыр сенен жырақ
қызыңның үкі таққан он көктемін.
От шашып жанарынан, шыдам жылап,
белдеуде елеңдеп тұр бір арғымақ:
бір сергіп қалсын деді-ау қайран ауыл,
тәуекел! Әзер болса тұрам құлап!
Жеңеше, шилерді ысыр, түр іргені –
кеңітсін, кеудемді ашсын іңір желі!
Шалқиын шабыттанып,
жүргенімде
тас үйдің тарлығынан түңілгелі.
Кеңістік. Білмейтіндей жасқауды құр.
Жер – киіз. Шаңырақ – көк. Жақсы-ау ғұмыр!
Шаршап ем ылғи жерге тұқыртудан -
еңсеммен сезейінші аспанды бір!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мысал

  • 0
  • 0

Тоқ бөрі қойды жылғада
қаһарыменен тұр мытып,
қинамай жанын біржола
жеп те қоймайды қылғытып.

Толық

Есті боп жүргенде есер, мақұлдар да

  • 0
  • 0

Есті боп жүргенде есер, мақұлдар да,
өзінен жұртқа ауысар ақыл бар ма.
Адамдар – есерің бар, мақұлың бар,
немкетті қармаңдар ақындарға!

Толық

Жан көктемі

  • 0
  • 0

Бал сезім баурап алды бүгін мені,
нұр шашып Күн де маған күлімдеді.
Дүние таңғажайып әнге айналып,
тұрғандай жүрегім де жүгіргелі.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар