Өлең, жыр, ақындар

Үш қара

  • 19.02.2022
  • 0
  • 0
  • 3334
«Апай! Сіз қай ауылда тудыңыз, ауылыңыздың аты қандай?»
(Оқырманың сұрағы)

Мен туған үш ауыл бар бұл далада,
тұрады бір-біреуі мың қалаға:
Қарауыл, Қарауылкелді, Қарасазым, -
мен үшін үшеуі де құндақ-ана.
Қарауыл – Абайымның бесік елі,
елім деп еңіреген есіл ері.
Қарауылкелдісі бар Махамбеттің,
Қарасаз – Мұқаң арман кешіп еді.
Үш Күнім. Қасіреттері мұңдай қара.
Кездейсоқ үндестік пе бұл жай ғана?
Үш ауыл – аттас әрі үш алыпты
беріпті, әрқайсысы шыңдай дара.
Табиғат өлмес ұлын қари ма отқа,
қарасам көз жүгіртіп фәни-баққа,
қаралы күндері көп ұлылардың,
құпия бір күш бар-ау табиғатта.
Мен туған ауыл бар-ды Жер бетінде,
жүз тосқам алғаш сонда желге, күнге.
Жұлдызды заңғарларын межеге алып,
ұмтылғам адам болып ержетуге.
Біреулер салып жерге, елге түрен,
жұртым бар ғұмыр кешкен кері кетумен.
Мен туған ауыл атын ақырында
өшіріп тынды әйтеуір жер бетінен.
Уақыттың ұштырмасы адуынды
картадан сүртсін менің ауылымды.
Қарауыл, Қарауылкелді – отты дала,
Қарасаз – бұлағы асау, тауы нулы
бар болса, жол бермейді жүдеуіме,
жарайды солар менің тіреуіме.
Сәнді орта сыртқақпайлап сыртын берсе,
тартармын үш киемнің біреуіне!
1996



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жанталасып мені шын ұмытсам деп жүрсің сен

  • 0
  • 0

Жанталасып мені шын ұмытсам деп
жүрсің сен,
басқа жанмен жүректі жылытсам деп
жүрсің сен.

Толық

Алақандағы жазу

  • 0
  • 0

Үйде ертемен тып-тыныш,
тұрдым жайлап, тарандым.
Сосын алақаныма
атын жаздым анамның.

Толық

Жұт

  • 0
  • 0

Есігім алды көкорай шалғын еді,
таза ауамен тазартар таңғы лебі.
Атамыздың көзіндей аула-қора,
айран, қымыз – жүдеген жанның емі.

Толық

Қарап көріңіз