Өлең, жыр, ақындар

Аңшылық туралы жыр

  • 19.02.2022
  • 0
  • 0
  • 756
Лермонтовқа арнау

-…ол жат еді: жаттың тілін, халқын да
жеккөргеннен өт құйылып алқымға,
ұлтымыздың ары болған ақынның
көре алмады даңқын да.
Ұға алмады: кімге қадап тырнағын,
қандай жанды мерт еткелі тұрғанын…
М.Лермонтов, «Ақын ажалы».
Мұнарлы күннен мұң сығып,
жалғыздан-жалғыз күрсініп,
тұрса да көкте Күн шығып,
төбесіне жасын түскендей,
азаптың уын ішкендей;
дүниенің келте, ортасын
толтырайын десе, күш келмей,
қолтығынан қарасұр жебе тигендей,
сонда да бейбақ күйге енбей,
биік боп өткен басқадан,
бұл не деген ащы адам?
Ащы жырыңнан жасқанам.
Бал емес едім мен де бір,
сиқырлап, арбап жеңге-жыр,
сонда да сырын ашпаған.
Қасірет сенде, мұң сенде,
қайғысы дүлей жыр сенде –
мезгілдің салған еніндей,
зар заманыңның шеріндей,
пері боп сақ-сақ күлсең де.
Қасіретің сенің желімдей –
дауа жоқ шемен бұл шерге,
қалар ең осы болмыспен
менімен қатар жүрсең де.
Түскенде өмір – егеске
алмадың қалай сен еске,
тірліктің жалғыз шындығын,
бәрі бір жатқа – құлазы,
құзғынға жем бол белесте;
өз адамыңның біразы
жаттан да зұлым емес пе –
осыны қалай білмедің?!
Жаттарды жырмен тілдедің,
балапан жүрек, жаныңды
уақыт уымен сүрледің.
Ақиқат іздеп жөргектен,
найзағайлы жырын селдеткен,
адырнасын ала өгіздей мөңіреткен;
мұнарлы бұлттан мұң емген,
заманын тілдеп түнерген,
жайлылық таппай жер-көктен,
өзіңе тұстас бір мұңлық
Махамбет сынды ер де өткен.
Халықтың бағы – тақтан-ды,
жүйріктің бағы – баптан-ды,
іруі елдің – жаттан-ды,
бірлікті халық – қорғасын,
Махамбеттің де өр басын
ауылдастары қаққан-ды.
Дауылды дария, ақ желкен
мен үшін аппақ армен тең,
тасқынды ағынға мың батып,
тынышымды толқынға ұрлатып
сен жүрген жақты бетке алам,
желкенге жетсем деп барам;
жанарымнан парлап жас шығып,
қалсам да жолда бас сынып,
қанағат бермей өмірдің
тәттісі менен кермегі
барады тартып сендегі
тағдырымдай тылсым ащылық!
1985



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өлең

  • 0
  • 0

Сонау күнде, жас шақта,
Өлең келіп керісті меніменен,
Күш жетпеді - керіспей шегінер ем,
Қайдан келді, білмеймін, өзеннен бе,

Толық

Жаныңнан, жамалыңнан әр тайғанда

  • 0
  • 0

Жаныңнан, жамалыңнан әр тайғанда,
сезімің ортаймай ма, қартаймай ма,
жылдардың балдырына батқан көңіл
мелшиіп қарамай ма айқайларға,

Толық

Жаз

  • 0
  • 1

Таң бұзып тынышымды жіберді деп,
жазғы түн кетерінде түнерді кеп.
Жер-ару серпігенде түн көрпесін,
маужырап қарап тұрды Күн елжіреп.

Толық

Қарап көріңіз