Өлең, жыр, ақындар

Шіркін-ай

  • 22.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1572
Шіркін-ай, шексіз болса ғұмыр деген!..
көкшіл кеш, көбелектер күбірлеген.
Өзіңе жазар хатты бастай алмай,
отырмын иек сүйеп іңірге мен.

Келер түн – қалың сәуле қалың-қалың.
Кейіме, тек өзіме мәлім халім.
Әттең-ай, естіп көрсең, әр секундтың
мендегі жалғыздықта жарылғанын!..

Білмеймін, мен байғұсты «ағалауың» –
жасырын жас мөлшерін шамалауың?..
Сенікі дұрыс та ғой.
Түсін, бірақ,
Сенің сол «дұрыстығың» – маған ауыр.

Бақ пен Сор ... бар жүрекке құзыры – бір,
меңгеріп үлгерсек қой біз ілімін.
«Сен!» деген, «Сенем!» деген секемшілдеу
сенделген Сағыныштың Қызырымын!

Көп болды, көрген жоқпын дүрмек бетін.
Шын айтсам, үміт – қысқа, күрметпеді...
Өзіңе асықтығым үшін, маған
Өзіңе аға болу міндет пе еді?..

Торымын, Ой сортаңын ащылаған.
Толғанса Сен туралы тосын «ағаң»,
тоқиды көңіліне кемпірқосақ,
торғайдың шырылынан шашыраған...

Сағымсыз – Шыңғыстаудың атырабы.
Саратан салқынында жатыр ауыл.
Сені ойлап, сонау-у жолдың қарасына
көзімнің қарашығын матырамын.

Ақшамның әр адымын баспалар түн.
Ағаңның бар табары – шашты ағарту.
Өкінтіп тағы бір күн өтіп барад...
о да бір – өмірдегі көшпелі алтын.

Осылай болғаны да дұрыс маған.
Түсімде Түн көрейін күмістабан.
Күлкісін саған ұқсас қыз баланың
күреңот жапырағы уыстаған.

Салармын шырқап қалай «Идай-да»-ға,
Өзіңді жат өзекке қимайды «ағаң».
Жазулы ақшам хатын көкейдегі,
жарқанат қанатымен шимайлаған...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жаза

  • 0
  • 0

Көбелектің қызықтап бұла шағын,
көтереді бәйшешек шынашағын.
Желге ілесіп, күнұзақ дала кезер,
желкілдетіп шудасын түйе-сағым.

Толық

Сені ғашық дейді ғой?

  • 0
  • 0

– Сені ғашық дейді ғой?..
– Ол кім тағы?..
– Болды, болды, айта бер, тартынбағын...
– Бәлкім, сорым, білмеймін, бәлкім, бағым,

Толық

Хатыңды оқығанда

  • 0
  • 0

Жасырарың көп менен жансың, айым.
Жазғаныңнан көргім бар жан шырайын.
Қадаламын хатыңның әр жолына,
қан сонарда із кесер аңшыдайын.

Толық

Қарап көріңіз