Өлең, жыр, ақындар

Түн. Өскемен. Алтайды аңсау

  • 18.01.2022
  • 0
  • 0
  • 163
Ислам Әбішевке

Ескіртіп жыл азабы,
Сарғайтып күн аптабы,
Өзіңмен қайран Алтай, қауыштым жылап
тағы.
Жорықтар шаңын жұтып, найзасын түтін
шалған,
Түркінің тумасы едім сен үшін күшін салған.
Қалдырып күнгей бетін қанша жыл ел аунады,
Ертістің енін бойлап қанша жыл сел аунады?!
Түрусіз түндігімді жұлқыды қанша боран,
Іргеме қонды қанша іңірде шаршаған ән.
Былтырғы кеткен құстар келді әне,
жолаушылап,
Соңғы құс мен іздеген мұңлығым сол-ау, сірә...
Есімде:
Сол бейбақтың қадірін білмеген түн,
Есімде:
Осы тауда емендер бүрлеген түн.
Жол қарап жүрген шығар жолсызбен кеткен
ерге,
(Желіккен жетесізі айналып кетті өлеңге).
Шығысқа апаратын ақырғы жол емес бұл,
Батысқа әкететін сапарлар соңы емес бұл!
Алтайдай жүрегі бар, рухы өр, санасы аман,
Ертісім қалды аманат – Ислам аға, саған!
(Ертістей қаны таза, бекзада аға, саған!..)
Іні боп ергендерге жараған ағалыққа,
Сыналған адамдығы өткелсіз сан ағыста.
Шөлдеген адалдыққа, ездіктен запы ғасыр,
Ер едің аты Ислам, жаны – мәрт, Заты –
ғасыл.
Өзінің биіктігі өзіне жара салған,
Тауларым тағы аманат – Ислам аға, саған!
... Ескіртіп жыл азабы,
Сарғайтып күн аптабы,
Өзіңмен қайран Алтай, қауышам жылап тағы.
Мамырда найзағайдың оғына жараланар,
Жүрмейді шың басында алайда, шағалалар...
Сыймаймын дүниеге,
Сыймаймын аспан, жерге,
Мендегі қалғаны тек – өкініш басқан кеуде.
Осылай өкіндіріп өтеді өмір жазған,
Парқым аз менің сірә, мекенсіз қоңыр қаздан.
Еңсемді езеді мұң, басады қорғасындай,
Ақшамда жауған жаңбыр бейне бір көз
жасымдай.
Анасы Алтай үшін өлуді бақ санаған,
Еліктеп ертегі еміп, ой алған әфсанадан.
Сенің өр даңқың үшін, семсерлі сертің үшін,
Наркескен намысың һәм қастерлі көркің үшін,
Хафизді етіп үлгі ақын боп жаралсам да,
Мен сені бермен әсте жиырма Самарқанға.
Ерлікті, есерлікті серт еткен салты күшті,
Іздей ме мынау аспан,
Мекенсіз жалқы құсты?...
...Іңірде туған айды тіреу ғып өз басыммен,
Сен үшін жыр жазамын, қайғым һәм көз
жасыммен...

17. 06. 2011ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тұтқын әйел

  • 0
  • 0

Сорға бола қонған анау сорқұдық,
Қалды ма енді, қанға шөлін қандырып?!
Аңқау тайпа басшысының ақ басын,
Ала кетті қу сырыққа қондырып.

Толық

Қайраңдағы ғазалдар

  • 0
  • 0

Қуат алып тарам-тарам бұлақтан,
Ұлы құмның төсін сызып Ніл аққан.
Сарыала жел сыбызғысын сыңсытып,
Аспан жерді,

Толық

Моншақ һәм Моно Лиза

  • 0
  • 0

Құстары үркек қанатын сілкіп,
Түстікке түнде түзеген бойын.
Тұратын қырда тұманын бүркіп,
Қараша шерлі ай – бұл менің айым.

Толық

Қарап көріңіз