Өлең, жыр, ақындар

Аманат

  • 17.01.2022
  • 0
  • 0
  • 610
(лирикалық баллада)

... Оның аты Қуантқан еді, небәр 19 жасында көлік апатынан мерт болды. Ол кезде мен Геленджик қаласында іссапарда жүргем. Кеш естідім... Маған бейкүнә махаббатын арнаған осы бір қызға тірлігінде көп қуаныш сыйлай алдым ба? Білмеймін... Білмеймін...
(Сейтқалидың жан сыры)

Тоқтау бар ма
Жандарға сағынысқан,
Сүйген жүрек
Емес тек жаңылысқан.
Геленджиктен хат алып
Арал жаққа
Әсем лайнер
Қанаты талып ұшқан.
Жаралғандай
Жанартау жарылыстан,
Хат емес-ау,
Секілді жалын ұшқан!
Жер-дүние
Сарғайып кеткен-сынды
Сендегі сағыныштан!
Сағыныштан...
... Сап-сары күз...
Сарғайған атырап бар,
Сұп-суық жел
Ызғарын қақыратқан.
Жоқтау айтып
Жылай ма әлдекімге,
Жатыр неге
Жас тамып жапырақтан?..
Табиғат та
Өкініш-наланы ішкен,
Тек, өзіне,
Өзіне аян іштен
Қаралы бір хабарды
Жасырғандай,
Қарайды саған аса аянышпен!
Кешікті-ау, – деп
Хатың бұл, әттеген-ай!
Сәл ертерек,
Ертерек жетпегені-ай!
Күте-күте
Аяулың кетті қыршын,
Балдәуренін басынан өткере алмай.
Кетті үзіліп...
Ол енді оралмайды,
Оралмайды
Саған жар бола алмайды.
Бірақ соған сенбейсің,
Сене алмайсың,
Әлі күнге көңілің алаңдайды.
... Еске салып
Сол күзгі күнді үрейлі,
Ащы бір мұң
Өзекті тілгілейді.
Аяулыңның киюге үлгермеген
Желегіндей,
Ақша бұлт үлбірейді.
Саған оның тілегі аппақ еді,
Шын бақытын өзіңнен таппақ еді.
О, жалған-ай!
Мезгілсіз солған гүлін,
Жатыр енді
Табиғат,
Жоқтап елі...
Осынау бір азалы үн
Алыс жолдан
Тосып алып...
Кеудеңді жанышты арман.
Көз алдыңа оралып бүгінгідей,
Сонау ыстық күндерің
Алыс қалған...
... Жаз еді онда,
Балғын жүз албырай тым,
Саған ұзақ қадалып жаудырайтын.
Жан-дүниеңді
Тербетіп сонда бір күй,
Жан-жүрегің
Ғажайып ән құрайтын.
Жаза бассаң қауіпке ұшырардай,
Сезіміңнің іштегі күшін аңдай.
Сүю деген
Осы ма,
Осы емес пе,
Жүретінсің соны сен түсіне алмай...
Сол қалпыңда
Кеттің сен жолға шығып,
Осы сапар
Сен үшін болған сын, ұқ!
Геленджиктен
Жылы леп әкелер деп
Сүйкімді қыз
Күткен әр таңды асығып.
Мүмкін бе енді
Ол жаққа алып-ұшпау?!
Сүйгендерге
Керек тек жаңылыспау!
Көп нәрсенің қадірін
Ұқтырғандай,
Алыс сапар...
Тым ұза-а-ақ жолығыспау...
Сезіміңнің тұнығын шайқалмаған,
Сырларыңды жүзбе-жүз айта алмаған,
Жеткізер деп
Хат жаздың сағынышпен,
Сол бір қызға
Жолыңа жаутаңдаған.
Неге ертерек
Ашылып сыр айтпадың?
Неге ертерек
Асығып қуантпадың?
Сені сүйген
Бейкүнә періштеге
Мұның қалай
Осынша мұң артқаның?
Неге, бұлай,
Кешіктің, әттеген-ай!
Сәл ертерек,
Ертерек жетпегені-ай!
Махаббатын қалдырды
Аманат қып,
Ұшып кеткен періштең
Көкке қарай...
Көктем келсе,
Гүлдерін жамыла қыр,
Қызғалдақтай қызды еске ал!
Сағына бір...
Көктем барда –
Махаббат мәңгі өлмейді!
Көктем барда –
Толассыз ағын-өмір!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жапырақ – жырым

  • 0
  • 0

Құны қалмай қара бақыр,
Сұлулықтың сағы сынды.
Саудагер – күн санап жатыр
Жырымды емес, табысымды.

Толық

Айтшы, өзің?!

  • 0
  • 0

Өн-бойыңнан бара ма-ау төзім кетіп,
Қос ішекті өксіттің безілдетіп...
Тұнып қалған
Сыр бардай жүрегіңде,

Толық

Табиғат дауысы

  • 0
  • 0

Мен – Табиғатпын!
Мен – Ақиқатпын!
Өлең болып өріліп күніге мен,
Сыр шертемін,

Толық

Қарап көріңіз