Өлең, жыр, ақындар

Сезімімнен секілді күн тараған

  • 14.01.2022
  • 0
  • 0
  • 378
Сезімімнен секілді күн тараған,
Қырмызы боп көрінді қырқа маған.
Ынтықтығын айта алмай үздігеді
Мен секілді өмірге іңкәр адам.
Күндер келер, жарандар, жылы лепті,
Күмілжіген шақтардың мұңы кепті.
Шыныменен күлдірмей қоймайды екен
Қылымсыған күндердің қылығы епті.
Жағалауға қайығын жылдар есті,
Тау еңкейді, бұлт тозды, құмдар өсті.
Жаралы әуен жанымда ыңырсыды,
Тірілгенде санамда мұңдар ескі.
Мен бақытты емеспін неге ғана,
Көтереді еңсемді көне дала.
Өкіндіріп жүректі өксітеді
Өмірімнің өміршең өлеңі ана.
Ыстық демі тірліктің дірілдеген,
Байқалмайтын мұндай дем бұрын менен,
Удың дәмін ұмытам, шын айтамын,
Шөлді басып тұрғанда шырынменен.
Айтарымды алдыңда айтам есіп,
Бұлттар кетпей тұрғанда қайта көшіп.
Талшыбықтар таранды бұлаң қағып,
Талдар басын шайқады байқа... десіп.
Талшыбықтар таранса бұраң қағып,
Мен оларға сүйсінбей тұрам нағып?
Қанаттарын ұшам деп қомданады
Қас-қабағын ғаламның қыран бағып.
Қыста неге келмейді жыл құстары,
Басылмады жанымның мың құштары.
Құтты болсын айтамын жаңа жырға,
Түлеп ұшқан жанымның тұңғыштары.
Құтты болсын айтамын жаңа жырға,
Бөленумен тұрғанда қала нұрға.
Жан барына сенемін мені сүйген
Талықсыған жылдардың тарамында.
Жан барына сенемін мені сүйген,
Еңкейместен шығатын еңіс үйден.
Өмір қымбат екенін ұғынады ол,
Сүрінумен, құлаумен, жеңісімен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көшпелі елдің еркіндігін білмесе

  • 0
  • 0

Көшпелі елдің еркіндігін білмесе,
«Гаухартастың» мықтылығын күндесе,
Батыс ерте мұзға батып кетеді
Киіз үйдің керегесін түрмесе.

Толық

Жаһанды жаныңмен жырласаң

  • 0
  • 0

Жаһанды жаныңмен жырласаң,
Басыңды сан нұрға бұрмасаң,
Көлкіген көл болып кетпесең,
Теңіз боп тербеліп тұрмасаң,

Толық

Дірілдейді қауызы көктем гүлі

  • 0
  • 0

Дірілдейді қауызы көктем гүлі,
Жауып жатыр наурыздың көктен нұры.
Алып ұшқан жүректей мың тырнаның
Сыңсып келіп, мен жаққа өткен бірі.

Толық

Қарап көріңіз